Түркістан жұртшылығы партияның батыл бастамаларына қолдау білдірді

354

Бүгін Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өткені белгілі. Ел дамуына серпін беретін маңызды жиында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған тапсырмалар мен нақты жоспарларын ел назарына ұсынды. Аталған жиынға Түркістан облысынан 80-нен астам делегет қатысып қайтты.

Делегация құрамында үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен партия белсенділері мен партияның аумақтық филиалдары басшыларының бірінші орынбасарлары бар. Біз Астана төріндегі алқалы жиын туралы бірнеше азаматтың пікірін білген едік.

Партия ардагері әрі қоғам қайраткері Досыбай Шерімқұлов бұл съездің орны өзгеше екенін айтады. «Бүгінгі «Нұр Отан» партиясының кезекті съезі «Елбасының жаңа әлеуметтік доктринасын» ұсынуымен құнды. Демек, елдегі жетекші саяси күш Президент айқындаған стратегия шеңберінде алдағы он жылда он басты мақсатқа қол жеткізуі тиіс. Отбасының бақуаттылығы, қолжетімді білім, қуатты ұлт, инклюзивті экономика, дамыған бизнес, жайлы өмір, азаматтардың мүддесі – енді мемлекеттің назарында. Съезде республика бюджетінің 45 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалатын айрықша атап өтілді. Биылғы шілдеден бастап жалақысы төмен азаматтардың еңбек ақысын  тағы 30 пайызға өсіру жөніндегі Елбасының тапсырмасы талай жанға қуаныш сыйлайтыны сөзсіз» дейді Досыбай аға.

Түркістаннан арнайы барған жас делегат Жұлдыз Намаз «Мені Елбасымыздың әлеуметтік мәселелерге баса мән беріп, қоғамдағы өзекті түйткілдердің шешімін ұсынғаны қуантты. Жастар қауымы Отан алдындағы парыздарын жақсы түсінеді. Мемлекет басшысы «Мен өзіме сенім артқан халқымның болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді» деп айтты. Ал бұл міндетті орындау үшін қоғам болып атсалысқан жөн», – дейді. «Жас Отан» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрайымы алдағы уақытта өңірде осы бағыттағы жұмыстар күшейтілетінін жеткізді.

Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры, білікті бапкер Ғани Ахметбаев «Көпбалалы отбасыларға жағдай жасау бағытында жұмыстар жүйеленіп, әр бала үшін 21 мың теңге берілетіні демографияға оң әсерін тигізеді. Сонымен бірге көпбалалы отбасылар үшін баспана алуда төмен пайыздар ұсынылуы жұртшылыққа шаттық сыйлады. Неге десеңіз, еліміздегі ең өзекті мәселе – баспана. Партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы елімізді жаңа белестерге бастайтын құнды құжат деп есептеймін», – дейді ол.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі