Түркістанда жалғыз басты ананы көршісі зорлап кеткен. Арада бір жыл уақыт өткенімен екі баланың анасы ар — намысын аяққа таптаған қаскүнемді жауапқа тарта алар емес.
Жәбірленушінің сөзінше, сұмдық жағдай осыдан тура бір жыл бұрын болған. Кешкісін есік алдында отырғанда азаматшаны көршісі күштеп алып кетіп, зорлаған көрінеді. Бір емес, екі рет жыныстық қатынасқа түскен. Арам ойын іске асырған ер кісі сорақы әрекетінен соң жалғыз басты ананы үйіне әкеп тастапты.
Жәбірленуші «Сараптамаға барып едім, ол жерде ешкім мені тексерген жоқ. «Болды, кете беріңіз өзіміз жібереміз жауабын» деді. Сонымен арада бір ай уақыт өткенде тергеуші сараптаманы келіп танысыңыз деп шақырды. Соған барған едім денесінде ештеңе жоқ, тап — таза деп берген».
Мұнымен қоймай жалғыз басты анаға қаскүнем ашық түрде қоқан — лоққы көрсеткен. Айтуынша, арыз жазуға барғанда көршісі «әлдекімдердің аузын жаптым, енді сен не істей аласың?» деп дөрекілік көрсеткен.
Құзырлылардың мәліметінше, шағымданушының арызы негізінде күдіктіге қатысты Қылмыстық Кодекстің 120 бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліпті. Бір емес, екі рет сараптама жасалған. Алайда, бірде біреуінде зорлықтың ізі байқалмады дейді.
Мәлік Қайбар, Түркістан облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы: «Сотқа дейінгі тергеп, тексеру барысында жәбірленушіге сот медициналық сараптама, қосымша сот медициналық сараптама тағайындалды. Қорытындыға сәйкес, жәбірленушінің үстінде қандай да бір дене жарақаты орын алмаған. Яғни, жәбірленуші өз арызында көрсетілген арыздар өз дәлелін таппады».
Аталмыш іске қатысты сотқа дейінгі тергеп, тексеру амалдары жалғасып жатыр екен. Оның қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады.
Түркістан облысындағы шенділерден әділдік таба алмаған келіншек Бас прокурордың орынбасарының қабылдауында болып, істің ақ — қарасын ажыратып беруін сұранған. Іле шала қылмыстық іс қайта қозғалғанға ұқсайды. Қазір, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр екен. Әзірге қандай шешім қабылданатындығы белгісіз.
Лаура Нақыпқызы