Түркістандық кәсіпкер әйел қуырылған балмұздақ жасап шығарды

430
фото 24.кз

Түркістандық іскер келіншек қуырылған балмұздақ жасап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24». Гүлбахар Жекеева мемлекеттік «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша бір ай тегін курс оқып, өз жобасын ұсынған.

Мамандардан кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, 240 мың теңгелік грантқа ие болған. Қажетті қаржы қолына тиген соң, 200 мың теңгеге балмұздақ жасауға арналған құрылғы, ал 40 мың теңгесіне қажетті шикізат пен жеміс-жидек сатып алды. Қазір істің көзін тапқан әйел кәсібін өркендетіп отыр.

«Таңсық дүниеге қызығушылық танытқандардың қатары күн санап артып келеді», – дейді ол. Мәдина Сұлтанова, студент: «Маған балмұздақ қатты ұнады. Бұл жерге балмұздақ жеуге екінші рет келіп отырмын. Мұны қуырылған балмұздақ дейді екен. Басқа технологиямен көз алдыңызда дайындалады. Өте дәмді».

Гүлбахар Жекеева, кәсіпкер: «Технологиясын өзіміз біраз уақыт жүріп меңгердік. Оған 1-2 айдай уақыт кетті. Қазір менің қызым Құндыз үйреніп алып, жұмыс істеп жатыр. Басқа балмұздақтан айырмашылығы, бұл халықтың көз алдында қалаған нәрсесімен дайындалады».