Түркістан қаласында Сергей Дворцевойдың «Айка» атты толықметражды психологиялық драмасының көрсетілімі өтті. Аталмыш фильм 2018 жылы өткен 71 – ші Канн кинофестивалінің «Ең үздік әйел рөлі» номинациясына Самал Еслямова лайық деп танылып, мерейімізді асырғаны есте.
Қ.А Яссауи атындағы ХҚТУ – нің мәдениет сарайында өткен фильм көрсетіліміне басты рөлді сомдаған актриса Самал Еслямова мен фильмнің режиссері Сергей Дворцевой арнайы қатысты.
Фильм қырғыз әйелінің басынан өткен жағдайды бейнелегенмен мақсаты – Мәскеуге жан-жақтан жұмыс іздеп келетін қиын жағдайдағы адамдардың өмірін суреттеу.
Фильмнің “Айка” деп аталу себебі қырғыздарда осы есім көп кездеседі. Негізінде Айнұр есімін осылайша атайды.
Сергей Дворцевой, фильм режиссері: «Менің кастинг жөніндегі көмекшілерім Самалды таңдағанымда сенбеді. Менің режиссерлік интуициям алдамады”.
Ал «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алған Самал Еслямова: «Мен үшін ең қиыны босанған ананы сомдау болды. Дегенмен ауылды жерде мал бағып өскен қыз болғандықтан барынша беріліп, шынайы ойнауға тырыстым” дейді.
Ардақ Берден