Шымкентте тамыз айында тұрмысы төмен отбасылар 100 000 мың теңгенің әлеуметтік көмегін алатын болады. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдрірахымов өткен жылды қорытқан есептік жиынында мәлімдеді.
Қазіргі қоғамда күйіп тұрған көп балалы аналар мәселесіне арнайы тоқтаған шаһар басшысы көктем мерекесі қарсаңында демографиямызға атсалысқан әйелдердің көптеген жеңілдіктерге қол жеткізетініне уәде етті. Бұл нендей жәрдем? Жыл он екі ай күткен жиында көпшілік шенеуніктер алдына тағы қандай мәселелермен келді?
Жаңашыл әкімнің қорытынды жиыны ерекшелеу өтті. Ғабидолола Әбдірахымов өзге әкімдердей атқарылған шаруаларды ұсақ-түйегіне дейін тізіп жатпай, нақтысына, ауқымдысына тоқталды. Республикада көлемі жағынан бірінші орын алып отырған құрылыс қарқынын, коммуналдық саладағы тындырымды тірліктерді жеткізді. Шаһар басшысының айтуына қарағанда биыл жол жөндеу мен халықты газ, су, жарықпен қамтуда ауыз толтырып айтарлықтай істер жасалғалы тұр.
Халық ілтипатына бөленуді жақсы білетін Әбдірахымов мырза көпшіліктің де, өзінің де уақытын үнемдеді. Әдетте өзге есептік жиындардағыдай әкім-қараларға қарата айтылатын мадақ-мақтау, оданы, ысырып тастап, сұрақ-жауапқа көшті.
Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Жарыссөзді қойып, сұраққа көп уақыт берсек деген ой бар».
Қала тұрғыны: Шалғай елдімекендерге автобус мәселесі өзекті. Бұл мәселе қашан шешіледі?».
Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Биыл мың автобус сатып алынады. Бұл мәселе оңтайлы шешіліп келеді».
«Көпбалалы отбасының жайы маған жақсы мәлім. Мен де бес балалы отбасынанмын» деп әңгіме өрбіткен әкім демографиямызға үлес қосып отырған нәзік жандылар жүрегіне жол таба білді. Осылайша, мегаполис басшысы қоғамда күйіп тұрған көпбалалы аналар проблемасының түйінін де тарқатқандай болды. Аналарға қызмет көрсететін орталық ашылатынын айтып, өзге де жәрдем-көмектердің қарастырылып қойғанын айтып қуантты.
Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қалысының әкімі: «2019 жылдың 1 наурызынан бастап «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және Батыр аналар мен І және ІІ дәрежедегі орденмен марапатталған аналар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Бұл үшін Шымкент қаласының әкімдігі тасымалдаушы компанияларға субсидия бөлді. Ал табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 25 мыңнан 100 000 теңгеге дейін ұлғайып, тамыздан бастап беріледі».
Көпшілік жыл он екі ай күткен жиында аналар арызданбай қалмады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған аналардың аманатын арқалай келген келіншек мүгедектік алудың мұңын айтып берді.
«МӘСК (ВТЭК) мамандары бар ма осында, пара алуды қойсын. Ұсталып жатыр. Бірақ оларға сабақ болмай отыр».
Қалалықтардың бас ауруына айналған қоғамдық көлік мәселесі, жол жыры, жарықтандыру сияқты түрлі түйіткілдерді алға тартқан тұрғындар уақыт тығыздығына қарамастан әкімге сауалдарын жолдап үлгерді.
Жұма намазға асыққан Ғабидолла мырзаны көпшілік жолдан тосып алып, арыз-шағымын жаудырды. Шаһар басшысы жауаптыларға тапсырма жүктеп, халық тарапынан түскен өтініштерді өзі қадағалайтынына уәде етті.
Мақпал Рысбаева