Бүгін «102» өрт сөндіру қызметіне А. Байтұрсынов көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің бірінен «гараждар өртеніп жатыр» деген қоңырау келіп түскен.
Өрт сөндірушілер санаулы минуттарда келгенімен, көшенің бойындағы көліктерден аулаға кіре алмай кідіріп қалды.
Гараждар тұрғын үйлердің жанында орналасқан. Өрт сөндіргіш арнайы екі көлік келген. Бірақ, мұнда гараждар емес, темір жәшіктегі қоқыс өртенген. Өрт сөндірушілер «қоқыс алаңшалары тұрғын үйлердің жанында орналасқандықтан мұндай шақыруға бір көлік шығуы керек еді. Алайда жалған ақпарат түсіп, өртті ауыздықтауға екі арнайы көлік келді. Сондықтан да, «102»-ге қоңырау шалғанда нақты шынайы ақпарат берген дұрыс. Өйткені, осы кезде басқа жерде екінші көлік аса қажет болуы мүмкін» деп ескертеді.
Шолпан Топақова, тұрғын: «Өрт сөндірушілерді мен шақырдым. Үнемі осы жерде қоқыс жанады. Терезені ашу мүмкін емес. Иісі жағымсыз. Қоқысты алып кететіндер жанармай жағады ма, әйтеуір өртеп кетеді».
Шынар Оразова