Қаламызда мемлекеттік тілді оқып үйрену үйірмесі ашылды. Түрлі этнос өкілдері қазақ тілін үйренуге ниет білдіріп отыр. Аталған үйірме Шымкент қалалық Қазақстан Халқы Ассамблеясының жанынан ашылды. Қазақ тілін оқып үйренуге ниеттілердің қарасы қалың.
Аталған жоба этнос өкілдері тарапынан болған. Сабақ әр апта сайын өткізілетін болады. Оған қаладағы 16 этно мәдени орталығының мүшелері қатысуда. Әзірге 20 оқушы бар. Алдағы уақытта тағы да ниет білдіретіндер көп болады деген жоспар бар.
Ербол Байқонақов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы: «Қалалық тілдерді дамыту орталығымен бірлесіп арнайы оқытушылар ұйымдастырып отырмыз. Тақта, қажетті құралдар бар. Әр аптада курс өтіп отырады деп жоспарлап отырмыз. Қосымша қосылып жатқан адамдар үшін мүмкіндіктер барынша жасала береді».
Тіл үйрену үйірмесі тегін. Оқушылар оқу әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілген. Тіл мамандары үйренушілердің ынта ықыласы жоғары деп отыр. Ал этно-мәдени орталық мүшелері мемлекеттік тілді білу міндетті дейді.
Иосиф Бахман, неміс этно-мәдени орталығының төрағасы: «Қазақ тілін үйренуге ниеттілердің қарасы көп. Осы елде тұрған соң мемлекеттік тілді өзге халықтар білуге міндетті. Сондықтан да осындай мүмкіндік беріп отырған орталыққа рахмет айтамыз. Алдағы уақытта қатарымыз көбейеді деген ойдамын».
Бүгінде Шымқалада жүзден астам этнос өкілдері өмір сүруде. Олардың 70 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Былтыр тілдерді оқыту әдістемелік орталығында 1600-ден астам этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгеріп шығыпты.