Украинадан арнайы шақырылған көз дәрігері Түркістан облысының науқастарына ота жасады. Шетелдік дәрігерлер көздің көру қабілеті емес, көздегі және көздің жанындағы жарақаттарды қайта қалпына келтіру үшін офтальмопластика операциясын жасады.
Өзге елден келген офтольмологтар ота жасар алдын пациенттерді 3Д-аппараты арқылы диагностикалық тексеруден өткізді. Бірінші отаны украиналық хирургтар өрт кезінде зардап шеккен 35 жас шамасындағы азаматқа жасады. Дәрігерлер науқастың күйік шалған көз аумағындағы терісіне пластикалық ота жасап берді.
Мұнан соң украиналық хиургтар 60 жастағы азаматшаға ота жасады. Егде жастағы кісінің қабағының терісі созылып, көздің көру қабілетіне кер әсер еткен. Дәрігерлер науқастың қабағын қалпына келтіріп берді.
Айта кетейік, Киев қаласынан арнайы шақырылған медицина ғылымдарының докторы, профессор Оксана Петренко әр түрлі көз жарақатын алған науқастарға ота жасаудан бөлек, тәжірибесімен бөлісті. Шетелдік маман офтальмологиялық бөлімшенің техникалық базасын да, жергілікті дәрігерлердің біліктілігін де жоғары бағалады.
Офтальмопластика – бұл көз мүшесінің және оның қосалқы аппаратының анатомиялық және функционалды кемістігін қайта орнына келтіруге бағытталған пластикалық хирургияның бір бөлімі болып табылады. Қабақтарға, конъюнктива қуысына және орбитаға жасалынатын пластикалық операциялар офтальмологияның маңызды бөлімі болып есептеледі. Себебі, бұл операцияларға қажеттілік көбеюде, ал дефектілерді түзеу улкен офтальмохирургиялық тәжірибені, арнайы құрал-жабдықтарды, тігіс материалдарды және михрохирургиялық әдісті қолдану арқылы операцияларын жоспарлауда және орындауда жаңа тәсілдерді талап етеді.
Шеберлік сабағы аясында күйік жарақатын алған, көз қуысына ет өскен азаматтарға 5 ота жасау жоспарланған. Сондай- ақ, шетелдік профессор көз дәрігерлеріне семинар өткізіп, тәжірибесімен бөліседі. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының офтальмологиялық бөлімшесінде жыл сайын 2500 — ға жуық ота жасалады. Алдағы уақытта жаңа қондырғылар сатып алып, жергілікті дәрігерлерді алыс- жақын шет мемлекеттерге дәріс алуға жіберу жоспарланған.
Оксана Петренко, жоғары білікті офтальмолог-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, А. А. Богомольц атындағы Ұлттық медицина университетінің офтальмология кафедрасының доценті, Украинаның офтальмолог-нейроофтальмологтары мен глаукоматологтары қауымдастығының Киев бөлімшесінің төрайымы. Глаукоманы лазерлік емдеудің қазіргі заманғы әдістерін, көз, көз жас ағзалары жарақаттары кезінде жоғары технологиялық операциялық араласуларды, көздің қосалқы аппаратында қалпына келтіру және қалпына келтіру операцияларын меңгерген.
Лаура Нақыпқызы