Созақ ауданындағы «Волков геологиялық — барлау экспедициясы » ЖШС-інің жатақханасы жанып кетті. Геологтар жатақханасы аудан орталығы Шолаққорғаннан 400 шақырым жерде орналасқан. Жұмысшылар тілсіз жауды өз күштерімен өшірген.
Өрт таңғы сағат 5:30-да шыққан. Таңғы асты дайындауға келген асхана қызметкерлерінің айқайынан жұмысшылар сыртқа шығып үлгерген. Асхана маңынанан тұтанған өрт аз ғана уақыт аралығында контейнерлерді шарпып үлгерген.
Жұмысшылар амалдап бір-біріне көмек көрсетіп, сыртқа шығып үлгерген. Сырт киімсіз жаурап қалған жұмыскерлер жақын маңда орналасқан жатақханаға жеткізілген. Жұмысшылар 15 күндік вахталық әдіспен жұмыс істеуге келгендер.
Зардап шеккендер жоқ. Созақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекзат Мұхановтың айтуынша өрттің дәл неден шыққаны белгісіз. Қазіргі таңда өрттің себеп-салдары анықталу үстінде.