Заңсыз байыған мемлекеттік қызметшілер жауапқа тартылады

229
иллюстрациялық фото

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қолданатын жаңа шараларды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, заңсыз табыс тапқан мемлекеттік қызметшілер жауапқа тартылады. «Мемлекеттік қызметшінің шығындары табысына сәйкес келмегені үшін қатаң жауапқа тарту шараларын енгізуді ұсынамыз. Бұл 2020 жылы басталатын жалпыға ортақ декларацияның жалғасы болады және сыбайлас жемқорлықтың негізі болған заңсыз табысқа ұмтылудың жолын кеседі», — деді Агенттік төрағасы кеңейтілген алқа отырысында.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің адалдығын тексеретін «Integrity check» институтын енгізуді ұсынды.

«Өткен жылы Агенттік, Ұлттық бюро және Академияның 7 қызметшісі қылмыстық қудалауға түсті, оның бесеуі сотталды. Өз қатарымыздың жемқорлықтан ада болуы — басты ұстанымымыз. Ішкі қауіпсіздік басқармасы тұрақты түрде қызметшілердің жемқорлыққа қатысы бар-жоғын тексереді. Кейінірек бұл тәжірибені барлық құқық қорғау органдарына таратамыз», — деді А. Шпекбаев.