Шымкентте 8-шағын аудандағы көпқабатты үйлердің бірі көгілдір отынсыз отыр. Бір аптадан бері газсыз қалған 60 отбасы тығырықтан шығар жолды іздеген. Айтуларынша, көмекке келген жеке компания ақысын алып, мәселені шешпей кеткен. Есесіне, газ таратушы мекеменің өкілдерімен кездесіп, өзара ымыраға келуге тырысты.
Бұл үйдегі көгілдір отынның сөну себебін түсінбеген тұрғындар талай табалдырықты тоздырып үлгеріпті. Мамандар, көпқабатты үйдің желдеткішін жарамсыз деп тауып, газды сөндіріп тастаған. 15 жылдан бері көгілдір отын қондырғысын пайдаланып келгендер аң-таң. Енді келіп, қоршаған ортаға зиян дегендердің жағасын алуға шақ жүр.
Тамара Чурсина, қала тұрғыны: «Көріп тұрған мұржалардың барлығы да біздің заманның сәулеттік көрінісі болып тұр. Қондырылған құбырлардың барлығы да ережеге сай емес. Ауа мен жел дегеннің барлығы да кері әсерін тигізбей қоймайды. Бір сөзбен айтқанда біз қазір қиын жағдайда өмір сүріп жатырмыз».
Ал мамандар тұрғындарға төніп тұрған қауіп көп дейді. Жылу маусымы басталғалы 14 апатты жағдай орын алған. Нәтижесінде 21 адам өмірімен қош айтысқанын алға тартады. Апатты жағдайға істен шыққан желдеткіштер мен дұрыс қондырылмаған газ колонкалары себеп дейді.
Болат Дүйсенбай, бөлім басшысы: «Пәтер иелерінің бірі желдету арнасын алып тастағанда ғана газды іске қосамыз. Олардың газ қондырғылары заңсыз қосылған. Өлшегіш құрал да барлығы да талапқа сай орнатылмаған».
Бірін бірі түсінбеген қос тарап келісімге келе алмады. Нәтижесінде тағы да көгілдір отынсыз қалды.
Назерке Үкібасова