Жетісай ауданында мұғалімдер суға кеткен баланы құтқарып қалды

308

Жетісай ауданында мұғалімдер суға кетіп бара жатқан бірінші сынып оқушысын құтқарып қалды. 28 қаңтар күні  «Алғашқы әскери дайындық» пәні мұғалімдерінің семинарынан қайтып келе жатқан төрт ұстаз канал жағасында жанұшыра жүгіріп жүрген балаларды байқап қалған.

Көліктерін тоқтата сала көмекке жүгіреді. Су бетінде ештеңе көрінбейді. Балалардан  1 сынып оқушысы Әжіқұл Қажымұқанның суға түсіп кеткенін білген жігіттердің бірі суға түсіп, бірі ағысқа қарай іздеп, әзер дегенде судың иірім жасап құбырға енетін жерінде ағараңдаған баланың киімін байқап қалады.

Иірімді қолмен сүзіп, құбырдың ішіне жұтылып бара жатқан баланы құтқарып қалады. Біраз су жұтып үлгерген Қажымұқан ұзындығы он метрге жуық құбырға кіріп кеткенде құтқару мүмкін болмас еді. Алғашқы көмек көрсету жолдарын оқушыларға дәріс ретінде үйретіп жүрген мұғалімдер су жұтып, тұншығып қалған балаға көмек көрсетіп, тез есін жидырады. Су киімдерді шешіп тастап, өздерінің сырт киіміне баланы орап алып, көліктерімен үйіне жеткізеді.

№25 жалпы орта мектептің 1 «Ә» сынып оқушысы Әжіқұл Қажымұқан Оразалыұлын құтқарып қалғандар №25 жалпы орта мектептің мұғалімдері Айсариев Арман мен Атакуллаев Ислам, І.Жансүгіров атындағы жалпы орта мектебінен Үкібаев Мақсат, С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінен Құлбатыров Есбол.

Тілсіз жаудың тыранғынан немересін құтқарып алған ұстаздарды
Құттықыз ана үйіне шақырып, төріне шығарып, алғысын жаудыра отырып, аналық ақ батасын берді.

Жанар Есенбекова