Жетісай ауданында «Мейірім-Шапағат» қайырымдылық дүкені жұмыс істеуде

414

Бір жыл бұрын Түркістан облысы Жетісай ауданында аудан әкімінің бастамасымен және Жетісай аудандық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің ұйытқы болуымен «Мейірім-Шапағат» қайырымдылық дүкені өз жұмысын бастаған болатын.

Бұл дүкенді ашудағы мақсат -өздерінің әлеуметтік жағдайын тіктей алмай жүрген мыңдаған жетісайлықтарға көмек көрсету. Нақтырақ айтсақ, дүкенде тұрғындарға тегін киім-кешек үлестірліп, мүмкіндігінше қосымша азық-түлік беріледі.

Әлеуметтік дүкенге «Қарғыс алма, алғыс ал» деген аталы сөзді қашан да берік ұстанатын, ауданның жомарт жандары мен кәсіпкерлері демеушілік жасап келеді. Осыдан 1 жыл бұрын, яғни, өткен жылдың ақпанында облыс бойынша ең алғаш боп ашылған қайырымдылық дүкені күні бүгінге дейін 1500-ге тарта әлеуметтік қолдауды қажет ететін немесе мүмкіндігі шектеулі мүшелері бар, көпбалалы отбасыларға көмек беріп үлгерген.

«Тағдырдың тауқыметі мен өмірдің ащы тұздығын татып, қоршаған ортадан, иманжүзді азаматтардан мейірім шуағын, жан жылуын күтетін қоғамның әлсіз бөлігі саналатын мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін ауданның кез-келген азаматына көмек береміз. Дүкеніміз аптаның сенбі-жексенбі кұндерінен басқа барлық күндерінде таңертеңгі 09:00-18:00 аралығында жұмыс істейді»,- дейді Жетісай аудандық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов.

Айта кетейік, «Мейірім-Шапағат» қайырымдылық дүкені Жетісай қаласында Жетісай Аудандық Ішкі Істер бөліміне қарама-қарсы бұрынғы «Жансая» дәмханасының ғимаратында орналасқан.

Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі