Соңғы уақытта WhatsApp арқылы жол жүрісі ережесін бұзғандарға салынған айыппұлдарға рақымшылық жасалатындығы туралы аудио хабарлама тараған болатын. Бірақ, бұл ақпарат жалған болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған аудио жазбада Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, сотқа өтпеген айыппұлдарды жоюға болатындығы, сонымен қатар мұндай рақымшылық Елбасының бастамасымен жүргізіліп жатқандығы айтылады.
Иә, өткен жылдың 5 қазанында Қазақстан Ресупбликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистия жүргізілетінін атап өткен еді. Ал жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық, мүлік салығы және жер салығы бойынша берешектеріне рақымшылық жасау үшін заңнамаға түзетулер енгізілуі керек. Парламентке заңнамаға түзетулер енгізудің жоспарланған мерзімі — 2019 жылғы наурыз. Маусым айында заңды қабылдау және жыл соңына дейін рақымшылық жасау жүргізілетіндігі жоспарланған. Ал бұл рақымшылықтардың жол жүрісі ережесін бұзғандарға салынған айыппұлдарға еш қатысы жоқ. Оны еліміздің Ішкі істер министрлігі де нақтылап отыр.
«WhatsApp арқылы тараған Жол жүрісі ережесін бұзғаны үшін салынған әкімшілік айыппұлдарға рақымшылық жасалатындығы туралы хабарлама шындыққа жанаспайды», — деді ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев.