Қазақстанның танымал опера әншісі Айгүл Шамшиденова Венада 2019 жылдың 8 сәуір күні Австриядағы Бас банк салонының атақты Барокко залында жеке концертін береді. Бүгінде Шамшиденова – Венадағы Mahler филармониясының жетекші солисі, сондай-ақ әлемнің әртүрлі елінде талантын жоғары деңгейде бағалайтын, Австриядағы Қазақстаннан шыққан жалғыз опера әншісі.
27 жастағы Айгүл – драмалық колоратуралық сопрано иесі. Ол Талдықорғанда дүниеге келіп, Алматыдағы Жәния Әубәкірованың мектеп-колледжінде оқыды. Вена консерваториясын тәмамдады. Шамшиденова бала кезінен ән айтты, ұлағатты ұстаз, Қазақ КСР еңбегі сіңген артисі, профессор, аты аңызға айналған Надия Абдрахманова Шариповадан тәлім алды. Танымал Елена Образцованың шәкірті. 2004 жылы 13 жасында Айгүлдің ерекше дауысы Голливудта 4 алтын медальмен және ән орындаушылардың бүкіләлемдік байқауының гран-приімен марапатталды. Ал 15 жасында Санкт-Петербордағы Елена Образцованың халықаралық байқауында лауреат атанды.
Бүгінде Айгүл Венадағы Mahler филармониясының жетекші солисі әрі Вена консерваториясында магистр дәрежесі бойынша білім алып жатыр. Сондай-ақ қазақстандық әнші Вашингтондағы Қазақ-Америка қауымдастығының мүшесі.
Шамшиденова Санкт-Петербордағы Мариин театрының жас опера әншілер Академиясында әрі білім алып, әрі өнер көрсетті. Ол аты әлемге әйгілі маэстроның жетекшілігімен ән шырқады, Елена Образцова, Лариса Гергиева, Натали Дессей, Лариса Рудакова сынды танымал музыкант және опера әншілерімен бірге жоғары кәсіби деңгейдегі шеберлік сыныптарынан өтті.
Шамшиденованың Венадағы концертіне әлемнің түкпір-түкпірінен оның өнерін жоғары бағалайтын, сүйіп тыңдатын, талғамы биік көрермендер жиналады. Көптеген танымал әртістер басқа әлемдік сахналарға дәл осы Австрия Банкі салонындағы Барокко залынан кейін ғана өнер көрсете бастайды. Дәл сол жерде орташа құны 180 000 еуродан асатын ең қымбат әрі таңдаулы Fazilio роялі тұр. Бұл атақты рояльді ең дарынды, кемеңгер жандарға арналған деп жатады. Ресейде бұл аспапты «Газпром» компаниясы сатып алып, Музыка Үйіне сыйға тартқан.
«Мен үшін классикалық музыканың әлемдік астанасы – Венада жеке коцертімді өткізу – зор бақыт, бірегей мүмкіндік, қайталанбас айрықша оқиға,- дейді Айгүл Шамшиденова. – Бұған дейін тап осы рояльдің сүймелдеуімен бір рет өнер көрсеткенмін. Бұл – ғажап сезім! Ал осы жолы концертімнің мерейлі мейманы – Швейцарияның опера әншісі Элизабет Сиси Малермен бірге ән айтатыныма толқып та, ерекше қуанып та отырмын».
Элизабет Сиси Малер «Карнеги Холл», Цюрихтағы Vienna Konzerthaus, Зальцбург, Нюрнберг, Хьюстон, Нью-Йорктағы әлемдік сахналарда өнер көрсетеді. Оның концерттері әлемдік басты телеарналардан көрсетіліп, танымал радиолардан таратылады. Қазақстан-Швейцария әншілерінің әдемі әрі әуезді үйлесімі кәсіби мамандардың ерекше қызығушылығын туғызуда.
Концертте әлемнің озық туындылары орындалады: Россини, Беллини, Доницетти, Верди, Шарпантьеның үздік шығармалары бар. Шамшиденова австриялық және швейцариялық опера театрының директорларын да қызықтыра білді, себебі, мұндай репертуармен өнер көрсету әлемде тек бірегейлердің қолынан келеді.
Айгүл Шамшиденованың Венадағы концертінің құны – 60-80 еуро. Осыдан кейін әнші 21 сәуірде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Қазақстанның жалғыз контр-теноры Батыржан Смақовпен бірге «Astana Opera»-да концерт береді.