Қазақстанда алғаш рет қазақ ұлттық тағамдарының бренді енгізілуде. Түркістан облысы болашақ аспаздық хитін енгізуде. Осы мақсатта Түркістан қаласында Қазақ тағамтану академиясының астаналық сарапшылары және облысымыздың мейрамханашылары мен отельерлері жиналды.
Кездесу барысында сарапшылар даярлау бағдарламасының ерекшеліктерімен танысты. «Қазақ таңғы асы» экологиялық таза өнімдерден тұратын болады. Сондықтан, ол өз денсаулығына көңіл бөліп, ерекше назар аударатын адамдарға өте пайдалы болмақ. Ас тізімінде мынандай тағамдар бар: тарыдан жасалатын тойымды тағамның бірі – майсөк, сүзбе, айран, қымыз – бие сүті, құрт – сығылған және кептірілген сүттен жасалған тұзды қатты ірімшік, жент десерті – сөктен жасалатын өнім, кептірілген жемістер және басқа қоспалар.
Жалпы таңғы ас 3 топтан тұрады: сүт өнімдері, көкөністер мен кептірілген жемістер және пісірілген тағамдар. Қазақ тағамтану академиясының диссертациялық кеңесінің мүшесі Юрий Синявский: «Нағыз қазақтың ұлттық тағамдары оңтүстіктен бастау алып Қазақстанның басқа да аймақтарына таралады» – деп атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, қазақтың жан дүниесін түсіну үшін «қазақ таңғы асының» дәмін тату керек.
Өйткені, оның құрамы ғасырлар бойы өзгеріссіз қалуда. Осының арқасында өңірдің гастрономиялық ерекшеліктерін ғана емес, сонымен қатар, халықтың салт-дәстүрі мен менталитетімен де танысуға болады. Мысалы, қонақжайлық – қазақ халқының ертеден келе жатқан қасиеттерінің бірі. Қазақ халқы қонақты жақсы көңілмен қарсы алып, төрге отырғызып, дастарқан әзірлеп күтіп алады.
Идея авторлары жоспарлағандай, «Қазақ таңғы асын» қонақүйлерде, мейрамханаларда және Түркістанның басқа да қоғамдық тамақтандыру мекемелерінде ендірмек. Сарапшылардың пікірінше, қазақ таңғы асы брендінің енгізілуі шетелден келген туристердің санын арттырады және қазақстандықтарды Түркістан облысына саяхаттауға қосымша ынталандырады. Сарапшылармен кездесуді Түркістан облысының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы ұйымдастырды.