Қажымұқан атындағы орталық стадион сәуір айында жабылады

139

Шымкентте 45 млн. еуро жұмсалатын стадион пайда болады. Бұл жөнінде қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев мәлімдеді.

Әзірге Қажымұқан атындағы орталық стадион жұмысын тоқтатқан жоқ. Алайда, сәуір айында толық жабылып, жөндеу жұмыстары басталады. Бүгін словакиялық маман Шымкентке келді. Есімін жария етуден бас тартқан азамат стадион директоры Құрманбек Ордабаевпен спорт кешенін аралап шықты.

Алдағы құрылыс жұмыстарын словакиялық компания өз міндетіне алған. Бірақ шетелдіктер жөндеу жұмыстарының нақты мерзімін және шымкенттіктерге жасалынатын стадионның жаңаланған нұсқасын көрсетуден бас тартты.

Әлі де нақтылануы тиіс дейді словакиялық маман. Алайда, жергілікті билік өкілдері орталық алаңның еуропалық талапқа сай болатынына сенімді.

Стадион толық өзгереді. Негізгі алаңнан бөлек, қонақ үй де жөндеуден өтеді. Шетелдік қонақ спорт кешенінің әр бұрышын аралап шығып, стадион директоры Құрманбек Ордабаевпен сырласты.

«Ордабасы» футбол клубының кезекті ойыны наурыздың 15-і күні Қажымұқанның жасыл алаңында өтеді. Содан кейінгі матчтар қосалқы стадионға ауыстырылады.

Сарбиназ Алдабергенова