Бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің құлағын ұстағандарға мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар жасалуда. Алайда орта жолдан бұлақтың басын бұрып алып, өз пайдасына жаратқысы келетін алаяқтар көбейіп кетті.

Жуырда өңірлік «Даму Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент және Түркістан облыстық филиалының атын жамылған алаяқтар бірнеше кәсіпкердің аузын айға қаратқаны анықталды. Яғни, 70-тен аса кәсіпкерді алдап, ақшаларын қалтаға басқан. Қордың атын жамылғандар «жеңілдетілген несие алып береміз, мемлекеттік қызмет түрін көрсетеміз» деп алдап кеткен. Әр кәсіпкерден шамамен 200-300 мың теңгеден алған.

Осыған байланысты аталған филиалдың басшылығы дабыл қақты. Өзге кәсіпкерлер де сан соғып қалмас үшін, қордың өзіне келуді сұранады. Қазіргі таңда Шымкент қалалық Полиция Департаменті аталмыш оқиғаға байланысты іс сотқа өткенін айтып отыр. Ал кәсіпкерлерге қолдау көрсететін дамулықтар алаяқтардың арнайы жоспар бойынша жұмыс істегенін алға тартады. Яғни, олар алдымен қорға келіп, өздері кеңес алыпты.

Жамбыл Қалдаров

Жамбыл Қалдаров, «Даму Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент және Түркістан облысы бойынша филиалының директоры: “Алаяқтар «Даму» қорының атын жамылып, қордың қызметкерлеріміз деп таныстырып, кәсіпкерлерге мәселелерін шешіп береміз деп уәде берген. Ақшаларын алып кеткен. Алдымен алаяқтар даму қорына келіп, кеңес алған. Бағдарламалардың барлық түрін біліп алып, кейін кәсіпкерлерді алдаумен шұғылданып жүрген. Барлық кәсіпкерлерге айтатынымыз осындай алаяқтарға жолықпас үшін қордың кеңсесіне келуді сұранамыз».

Кәсіпкерлер 1408 телефонына хабарласып, Байтұрсынов көшесіндегі 88В үйіне келіп кеңес алуына болады. Барлық қызмет түрі тегін жүргізіледі. Мемлекеттік бағдарламалар туралы көптеген кеңес алуға мүмкіндік бар.