Отандық фильмдердің қатары тағы бір туындымен толықты. Туындыда көтерілген мәселе өзекті. Бір де бір минутын телефонсыз, интернетсіз елестете алмайтын балаларды сол шырғалаңнан шығару жолы көрсетіледі. Комедия жанрында түсірілген фильм көрерменді күлдірте отырып ой тастайды.
Бүгін залды толтырған режиссердің бұл туындысы «Каникулы оффлайн» деп аталады. Фильм сценариі бойынша Қайрат атты жас маман табысты бизнесмен болғысы келеді. Алайда,талабы бар болғанымен, танысы жоқ. Қалталылардың қасын торуылдаудан ештеңе шықпаған соң, танымал кәсіпкердің кеңесімен өз ауылында жазғы балалар лагерін ашады.
Қызығы, лагерь Қайраттың ауылдағы өз үйінде. Ал тәрбиешінің орнына, өзінің достары, дәрігердің орнына ветеринар, аспаздың орнына құрылысшы қызмет етеді. Тәртібі де ерекше. Телефон байланысы жоқ. Ал жуыну үшін арық жағалауға тура келеді. Ал балалардың ата-аналары мұның бәрінен бейхабар.
Осы кинодағы басты рөлдердің бірін сомдаған Еламан Есентаевтың өзі де ауылдың баласы. Сондықтан ауылда тұру қиын болмапты. Керісінше, тіпті кей күндері үйге қайтпай түсірілім алаңында түнеуге қалып жүрдім дейді.
Еламан Есентаев, актер: «Балалармен жұмыс істеген өте қызық. Балажан екенімді байқадым. Нағыз достар болатынына да көзім жетті. Олармен бірігіп бизнес те бастауға болады. Тек талпыныс керек».
Фильмді 1,5 сағат бойы тапжылмай отырып тамашалап шыққан көрермендер дән риза. Астарлы әзілге толы, балаңмен отырып қымсынбай қарайтын туынды деп бағалады.
«Бізге фильм өте қатты ұнады. Қазір бәрі данышпан, философ болып жатқанда осындай кинолар керек» дейді көрерменнің бірі.
Фильм үлкен экранда 21 наурыздан бастап көрсетіле бастайды. Алғашқы күннен-ақ көрермендердің ерекше ықыласына бөленген туындыны еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалай аласыз.