ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Дархан Сатыбалды бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында дүниеге келген. Бұған дейін Парламент Сенатының депутаты қызметін атқарды. 2010-2011 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы, 2011-2013 жылдары премьер-министр канцеляриясының әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 2013 жылдан бастап екі жыл бойы Шымкент әкімі, сондай-ақ, 2015-2017 жылдары ОҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметтерінде болды.
Бұдан бөлек, тағы да бірнеше елші тағайындалды. Берік Сақбайұлы Арын Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілі қызметіне тағайындалды.
Асқар Ерлікұлы Тәжібаев Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.