«ҚЫЗДЫҚ ПЕРДЕ» БЕРІК ОТБАСЫНЫҢ НЫШАНЫ

1036

Газетіміздің «Тағдыр» айдарына өз оқиғасын айтып хабарласқан келесі кейіпкеріміз де маман кеңесіне жүгінеді. Ол «маңдайыма жазылғаны осы шығар» деген оймен алты жылдан бері күйеуінің соққысына шыдап келеді. Үш рет «ажырасамын» деген нақты шешім қабылдағанымен туысқандары араға түсіп, ойынан айнытқан. Бір емес бірнеше рет райынан қайтуына басты себеп – балалары.

Ақгүл – Оңтүстіктің тумасы. Бала күнінен оқуда озат болған оның арманы асқақ еді. Мектеп қабырғасында қазақ әдебиеті пәніне ерекше ықыласы ауып, болашақта мұғалім болуды қалаған. Мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинап, Шымкенттегі жоғары оқу орындарының біріне грант негізінде оқуға түседі. Мақсаты айқын Ақгүл университет қабырғасында да үздіктердің қатарынан көрінді. Алайда соңғы курсында өмірі ойламаған тұстан мүлдем басқа арнаға бұрылды.

«1991 жылдың тумасымын. Отбасымыздағы бес перзенттің кенжесімін. Әлеуметтік жағдайымыз төмен еді. Әкем көлік жүргізіп, нан табатын. Анам жұмыссыз үйде отырды. Бірақ, әкем бізді ешқашан аш қалдырған емес. Киіміміз бүтіп, тамағымыз тоқ өстік. Бір көлігімен бәрімізді асырады. Біздің үйдің балалары сабақты жақсы оқыдық. Сондықтан да бәріміз грантқа оқуға түстік. Бар ойым – оқуда үздік болып, білікті маман атану еді. Ата-анама әдемі киімдер алып бергім келетін. Өзіміз сияқты қарапайым жақсы жерден шыққан жігітім болды. Онымен үшінші курстың соңынан бастап, жүре бастадық. Бір-бірімізді жақсы көрдік. Мені әрдайым түсінетін. Жан сырымызды айтып, арман-мұратымызды бөлістік. Баспанаға да басқасына да бірге жұмыс істеп жететінімізді жоспарладық. Мен «оқу бітіргеннен кейін бір-екі жыл жұмыс істеп, ата-анама көмектесемін, сосын барып үйленеміз» деп айтушы едім. Ол да сол уақыт аралығында тойға ақша жинайтынын айтатын. Бастысы бақытты едік. Бір-бірімізді шын жақсы көрдік. Алайда бір күні әкемнің туысы өзімнен 15 жас үлкен жігітпен таныстыратынын айтты. Бір үйдің жалғызы және жағдайлары өте жақсы екенін айтып, сол адамға тұрмысқа шығуымды қалады. Ата-анамның да құлағын көтеріп қойыпты. Мен қарсы болдым, әрине. Бірақ анам күнде құлақ етімді жеді. «Біз сендерге жақсы жағдай жасап бере алмадық. Бұдан кейін жақсы жерде болғаныңды қалаймын. Балаларың жоқшылықта өмір сүрмесін» деп айта берді. Бір рет танысып көруімді өтінді. Үзілді-кесілді бас тарттым. Осылай жүргенде әпкем мені сыртқа шайға шақырды. Барған едім. Жанында маған таныстырғысы келген жігіт бар екен. Екеумізді таныстырды. Сәлден кейін әпкем бізді қалдырып, өзі кетіп қалды. Сол кезде мен оған жігітім бар екенін айттым. Мені жайыма қалдыруын өтіндім. Ол үндемеді. Ертеңіне сабақтан үй жағыма жүретін газелді күтіп тұр едім. Әпкем сол жігіттің машинасымен өтіп бара жатыр екен. Тоқтап мені де салып алды. Ойымда ештеңе жоқ. Жолдан әпкем түсті де сол жерден екі жағыма жігіттің екі досы мініп, мені алып қашты. Қатты қарсылық көрсеттім. Жыладым. Бірақ болмады. Қуғыншылар да қалатынымды, мені ешқайсысы үйге алып кетпейтіндерін, осы жерде бақытты өмір сүретінімді айтты. Ол кезде жігітім Алматыда еді. Оған да хабар жеткен. Бір күннен кейін артымнан келді. Бірақ мен онымен бармайтынымды айттым. Өйткені анам «Біздің де жағдайы жақсы құдаларымыз болсын. Бізді сыйласаң, сонда қал» деген сөзінен кейін мен де амал жоқ тағдырыма көндіктім»

Ата-анасының көңілін қимаған Ақгүл өзі сүймеген жанның жары болуға келісімін береді. Бірақ алғашқы неке түні мүлдем күтпеген жағдайға тап болады.
«Шынымды айтсам, неке түнімізде ешқандай да қиналған жоқпын. Соған әлі күнге дейін өзім де таң қаламын. Өйткені менен қан шыққан жоқ. Тым болмаса, астыңғы жағымнан ауырсынуды да сезген жоқпын. Бұған таң қалдым. Сол кезде күйеуім «мені бұрын басқа адаммен төсек қатынасында болды» деп ойлаған шығар. Көңіл-күйі түсті. Мен оған өзінен бұрын ешқандай жігітке жоламағанымды айттым. Ол да сенді. Сондықтан да бірге дәрігерге барып, себебін анықтау ойыма келмепті. Оның бәрін де кейін бықсытатынын қайдан білейін. Арадан үш ай өткен соң, күйеуім үнемі маған «Сен қыз болмай келгенсің» деп тиісті. Жарты жылдан кейін қол көтеруді бастады. Содан бері отасқанымызға 6 жыл өтті. Жиі ішеді. Ішкен сайын сол жағдайды еске алып тиіседі. Тіпті қатты ұрған кездері де көп. Қазір екі баламыз бар. Үш рет «ажырасамын» деп кетіп қалдым. Тіпті бір рет алты ай бойына ешкімге көнбей, ажырасуға нақты шешім қабылдадым. Бірақ балаларым әкесін сағынады. Солар үшін қайта барамын. Мен үшін олардың бақыты бәрінен маңызды. Шынымды айтсам, бақытты емеспін. Бұрынғы жігітім осы алты жыл ішінде бірде-бір рет ойымнан шыққан емес. Әлі күнге сол адамды ойлаймын. Мұның дұрыс емесін білемін. Бәлкім, күйеуіммен бақытты өмір сүргенде оны ұмытар ма едім, кім білсін? Кейде тіпті оны ойлай бергенімнен өз-өзіме жыным келеді. Ол мен тұрмысқа шығып кеткен соң 4 жылдан кейін үйленді. Сол аралықта бірнеше рет хабарласты да. Бақыт тілейтін. «Мықты мұғалім боламын» деген арманыма жетуімді айтатын. Білесіз бе, ең қиыны осы екен. Сезімің басқа адамда қалып қойғаны жанымды ауыртады. Оны ұмытқым келеді. «Мүлдем санамнан шығарып салсам» деймін. Бұл жалпы мүмкін ба? Психолог не айтар екен?!
Мен тек балаларым бақытты болса деймін. Оларға менің жолымды бермесе екен. Ақшамен ештеңе шешілмейді. Егер күйеуің сені сыйламаса, адам орнына санамаса, әр ұрысқан кезімізде «жоқшылықтан келіп, баршылықты көтере алмадың» деген сияқты намысқа тиетін сөздер айтады. Оны айтып қана қоймай, таяқтаса, мен ол адамды қалай жақсы көре аламын? Тіпті, жүріп-тұруымның өзі соның бақылауында. Құрбыларыммен кездессем де рұқсатын алып, айтқан уақытында үйде болмасам, қырғын шығарады. Сондықтан уақыт өте келе адамдармен араласудан қалдым. Мүмкін емес сияқты. Қазір жұмыссызбын. Қызыл дипломға бітірсем де енем мен күйеуім жұмыс істеуіме үзілді-кесілді қарсы болды. Ал, мен тым болмаса бала шақтағы арманым мұғалім болуды қалаймын. Қатты қиналып жүрмін. Ажырасып, өз күнімді өзім көру ең дұрыс шешім сияқты. Білікті мамандарыңыз қандай кеңес берер екен?! Көмектеріңізге зәрумін!»
Ақгүлдің осы жүрекжарды әңгімесінен кейін оның жағдайына қатысты кеңес алу үшін, психологқа және гинеколог-дәрігерге хабарластық. Газетіміздің «Психолог бұрышы» айдарының тұрақты психологтарының бірі Қаракөз Момбаева және «Маман мінбері» айдарының сарапшысы гинеколог-дәрігер Манзура Есенова Ақгүлдің оқиғасы турасында кәсіби пікірін айтты.

Қаракөз Момбаева, психолог:

«Құрметті Ақгүл!
Редакцияға жолдаған хатыңыздан – сіздің алты жылдан бері отбасындағы жанжал салдарынан, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, балалық шақтағы арманыңыздың орындалмай, күйзелісте жүргеніңізді түсіндім. Мұның басты себебін көптеген қазақ отбасында бойжеткен қыздарын, ержеткен ұлдарын отбасылық өмірге дайындамайтынынан іздесек болады. Алғашқы неке түнінде болатын «құбылыстарды» қыздарға жеңгесі, анасы айтып түсіндіргенде немесе дер кезінде гинекологтың көмегіне жүгінгенде, отбасының тыныштығын сақтауға болар еді.
Әлі де кезінде жіберген қателіктің орнын толтыруға болады. Ерлі-зайыптылар әрқашан ашық сөйлесуі керек. Адам денесі – өте күрделі, қыр-сыры өте көп қатпарлы жүйе. Өмірдің интимді жағы туралы ерлі-зайыптылар әрқашан ашық сөйлесуі тиіс.
Отбасындағы жанжал салдарынан тек сіз ғана емес, балаларыңыз да зардап шегеді. Сізге психологиялық қысым көрсетіп, ұрып-соғу арқылы күйеуіңіз мейірімсіз, қатігез ұрпақ тәрбиелеп жатқанын білсе ғой. Егер еркек әйелге үш реттен артық қол көтерсе, әйелдің бойын қорқыныш сезімі билейді. Ал қорқыныш – аналық өзін қорғау түйсігін (инстинкт) жояды. Балаға қорғану қабілеті анасынан дариды. Өзін қорғай алмаған анасын көрген балада патологиялық қорқыныш пайда болады. Кейін ол бала басқа ортада қатігездік танытады. «Қыз бала анасының, ұл бала әкесінің өмірін қайталайды» деген тұжырым бекер жасалмаған. Ананың бақыты – балада! Сондықтан, қандай ұрыс болмасын, ұрысты ауыздықтау – әйелдің қолында. Намысқа тиетін сөздер айту былай тұрмақ, күйеуіңізді дауыс көтеруге дейін жеткізбеген ләзім! Бұл жағдайда сізге «болашақта мықты мұғалім боламын» деген биік арманыңыз көмекке келер. Мұғалімге тән мейірімділікті бойыңызда қалыптастырып, сезіміңізді, сүйіспеншілігіңізді отбасыңызға арнап, тәрбиені жылы қабақ танытудан бастаңыз. Ер адам жылу бар жерден ешқашан жерінбейді.
Өкінішке қарай, елімізде өз отбасында зорлық-зомбылық көріп, көз жұматын әйелдердің саны күн санап артып келеді. Егер ер адам тәрбиеге көнбесе, ұруын тоқтатпаса, онда ойланыңыз. Қазақстанда «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» екі Заң қабылданған. Заңға жүгініп, ажырасу, мүмкін бар қиыншылықтың шешімі болар. Сіздің тағдырыңыз бір адамға ғана байланып қалмаған. Кез келген жағдайда он ойланып, мың толғанып, сабырлы түрде күйеуіңізбен ашық сөйлесіңіз. Ал, бұрынғы жігітіңізді ойлау – сізге тек зардабын тигізеді. Өзіңіз де «оның отбасы бар» деп айтып отырсыз. Сіздің де балаларыңыз бар. «Солар үшін өмір сүремін» деп отыр екенсіз. Сондықтан өткен шақпен өмір сүрмеңіз. Тек болашаққа нық қадам жасап, арманыңызға жетуге талпыныңыз. Бұл сізге жігер сыйлайды. Сөз соңында айтарым, күйеуіңізбен бірге не бөлек өмір сүрген жағдайда да, міндетті түрде психологтың көмегіне жүгініңіз».

Манзура Есенова, гинеколог-дәрігер:
– «Қыздық перде барлық қызда біркелкі» деген қате ұғым бар. Қыздық перде әрбір қызда әртүрлі орналасады. Яғни, алғашқы түнде қыздарымыздың кейбірінен қан шықпайды. Мұны көрген еркектер олардан күдіктеніп, ары қарай өзінің де әйелінің де өмірінің шырқын бұзады. Мысалы, көбінесе кішкентайынан бимен не спортпен шұғылданған қыздарымыздың қыздық пердесі созылмалы болып келеді. Оны алуға көптеген еркектердің шамасы жете бермейді. Туабітті қыздық перденің болмауы (аплазия) деген ұғым бар. Шектен тыс физикалық жүктеме, тампондарды дұрыс пайдаланбау, бала кезінде интенсивті жуыну және т.б. себептерден қыз баласы өз қыздық пердесін жыныстық қатынасқа дейін жоғалтуы да мүмкін. Кейбір қыздарда перденің созылмалығы жоғары және перденің тесіктері бірнеше не үлкен болуы мүмкін. Бұл ер адам жыныс ағзасының қынапқа пердені бұзбай кіруіне жағдай жасайды. Пердедегі үлкен тесік физиологиямен байланысты (туабітті) немесе түрлі дене жарақатынан пайда болуы мүмкін. Нәтижесінде пердедегі тесік көлемі үлкейіп, жыныстық қатынас кезінде одан еркектің жыныс мүшесі оңай өтіп кетеді. Жыныстық қатынастан кейін перде бұзылмайды. Ауырсыну сезілмейді. Кейбір қыздарда қыздық перде еркектің жыныстық мүшесі көлеміне дейін созылуы мүмкін, қыздық перде созылыңқы келеді. «Алғашқы түннен кейін міндетті түрде қан шығуы тиіс» деп ойлайтын жігіттер қателеседі. Кейбір қыздарда қыздық перде әлсіз болады және қан тамырларының орналасу ерекшеліктеріне байланысты қан болмауы мүмкін. Қыздарымыздың кейбірінің қаны ішіне кетіп қалатын жағдайлар да кездеседі. Сондықтан олар қатынасқа түскеннен кейін міндетті түрде отыру керек. Немесе таза матамен сүртуі керек. Жалпы күйеуінде сәл күдік болса, оны көндіріп, ертеңіне-ақ гникологқа келген дұрыс. Қыз бұрын сондай жағдайға душар болмағанын біз жолдасына түсіндіріп айтып береміз.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, №3, 16 қаңтар 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті