Ұлды нағыз ер азамат етіп тәрбиелеу-оңай емес6 әрине. Былдырлаған тәтті тілі, балғын қылықтарына жан жүрегіңізбен елжіреп, еріп6 еркелете бергіңіз келері хақ.
Ұлыңыздың жасы үшке келді делік, оның «анашым, сені қатты қатты жақсы көремін»- деген сөзінен-ақ жүрегіңіз елжіреп, аймалап өбіп, сәбиіңізді құша бергіңіз келеді. Бірақ!… Дүниені ұмытып тәрбиені әсте бақылаудан шығаруға болмайды.
Мен анамын, бірақ мен әйелмін. Ұлымның өміріндегі ең бірінші әйел адаммын. Келешекте де нәзік жандылармен қарым — қатынасының қалыбы менен басталатынын білемін. Сондықтан да осыны қаперімнен шығармауға тырысамын. Мейлі, ол қазір тіпті кішкентай бүлдіршін болсын. Қайта қазіргі қарым- қатынас моделі маңызды роль атқарады. Өйткені, кейін неге, неліктен деп бас қатырмай -ақ ұлым менің, анасының көрсеткен үлгісімен бейсаналы түрде жүріп тұратын болады. Ал мен ұлымның нағыз еркек болғанын қалаймын! Сондықтан да шырын сұраса жүгіріп алдына түсіп әкеп бере қоймаймын. Тұр да, ойынды бір сәт қоя тұрып өзің әкел. Еркек тәуелсіз болуы керек.
Өз табағымнан тамақтандырмаймын. Өйткені өзінің табағы бар және анасының да тамақтануы керек екендігін ойласын. Ер адам өзгелермен де санаса білуі қажет.
Мен ұлыма шоколадтың соңғы бөлігін бүтіндей бере салмаймын. Себебі, үйде одан бөлек әпкесі мен қарындасы бар. Он миллиметрден болса да тәттіден барлығы бірдей дәм татып, бөлісуі қажет. Ер адам жақындарына қамқорлық жасауға тиісті.
Мен ұлымның соңынан ойыншықтарын жинамаймын. Мейлі, ол өзін сонша бақытсыз етіп көрсетіп өкпелеп жылап, көз жасын көлдетсе де. Мен асықпаймын, күте тұрамны. Өйткені, ер азамат бастаған ісін өзі соңына дейін жеткізе білуі керек.
Дүкенде қиғылық салып бүкіл жұрттың алдында айғайға басса да мен оған қалап тұрған үлкен кәмпитті әпере салмаймын. Кәмпит ол сый, бір жақсы ісі үшін марапат. Ер жігіт лайықсыз әрекет үшін ешқандай марапат не сый көрсетілмейтіндігін білуі тиіс.
Оның көңілі құлазыған сәтінде тыңдаймын. Басқа баланың ойыншығын тартып алып, ол үшін сазайын алғанының себебін түсіндірем. Ұлым әрбір іс әрекеті үшін өзі ғана жауапты екендігін түсінуі керек. Себебі, ер адам жауапкершілікті болуы қажет.
Мен оған өзгере білуді, келісімге келуді үйретемін. Барлығы ойдағыдай болмаған кезде де ұлым жеңілістерге дайын болуы керек. Еркек кедергілерді жеңе жүріп күшейе түседі.
Мен оған биік сырғанаққа шығуға рұқсат беремін. Мейлі, ол биік және жасына лайық болмаса да. Төменнен өзім сақтандырып күтіп тұрамын. Ер азамат батыл боп биіктерді бағындыра білуі тиіс.
Менің шектеген шекарамнан асып жатса ұлымды ұрсып та алам. Оған ашулануым да мүмкін. Мені тыңдап, менің өз аумағым, яғни өз әлемім бар екендігін білуі керек. Еркек әр адамның өз кеңістігі болатындығын түсінуі керек.
Ұлым құлап қап жылап жатса оған аяушылығымды білдіремін. Өйткені, ауырсынғанда, жаның ауырғанда жылау-ұят емес. Ер адам өз эмоциясын білдіре алуы қажет.
Мен оны емдеймін, оқытамын, дамытамын, тыңдаймын, қамқорлық танытамын, жан жылуымды, мейірімімді төгем. Жақындарын бағалауды үйренсін. Ер адам сүйе білуі керек.
Мен ұлым үшін барлығын, мүмкін дүниенің барлығын жасаймын. Бірақ ешқашан өзімді ұмытпаймын. Ешкім оған өз өмірін арнауға міндетті емес екендігін білгенін қалаймын.
Сүю арқылы, сүйіп тәрбиелеу арқылы менің ұлым нағыз ер азамат боп өседі. Әлем тағы бір нағыз еркекке көбейе берсін!
Авторы: Лилия Ахремчик, тренер, психолог, коуч
Аударған: Жанар Есенбекова