Тағдырынан таяқ жеп, көше жағалап, кезбенің күйін кешкендерді өкімет далада қаңғыртып қоймайды. Жақынына керек болмай қалып, далада түнеуге мәжбүр болғандарды салулы төсек, жылы мекенге әкеліп, қамқорлығына алған. Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» бүгін қамкөңіл жандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
«Тағдырымыздың тармақтары сияқты, бақыттың да жұмақтай бөлмелері бар. Ал оның бір кілті – балаңның қолында, мейірімнің уысында». Мұндағылар осы бақыттан мақұрым қалғандар. Бала шаға, туған туысы бас тартып, барар жері, басар тауы болмаған соң өкіметтің үйін паналап отыр. Мейірімге мұқтаж жандардың жабырқаулы жанын жадыратқысы келгендей бүгін арнаулы мекеме арнайы наурыз мерекесінің құрметіне концерт ұйымдастырды.
Сауен Жанысбаев, «Өмірлік қиын жағдйға түскен адамдарды бейімдеу орталығы» мекемесі басшысының орынбасары: «Бүгін наурыз мерекесіне орай қызмет алушыларымызға арнайы іс шара өткізіп отырмыз. Қаламыздағы №84 мектебіне көп рахметімізді айтамыз. Бізге көмек көрсетіп, қолдау білдіргені үшін… Мұндағыларды қоғамға бейімдеп шығару міндетіміз болып саналады».
Мекемені мекен еткендердің қарасы — 160. Мұндағылардың міндеті де сол – оларды қоғамға бейімдеу. Ұтқыр патрульді қызмет аптасына бес күн рейдтік іс шара жүргізеді. Жеке өтінішпен келетіндер де бар екен. Кейде ауруханалардан, ішкі істер органдарынан да келіп жатады. Соңғы әлетте қаракөздеріміз көбейіп барады дейді сала мамандары. Арасында полковник те, академик, профессорлар да бар. Әлеуметтік бейімдеу орталығының мамандары құжаттарын құнттап, жасы ұлғайғандарды қарттар үйіне жөнелтеді.
Әліқұл Шәріпов, әлеуметтік бейімдеу орталығының мекендеушісі: «Осы жерді мекен еткеніме біраз уақыт болды. Бізге мейірімділік танытып, қамқорлық жасап жатқан мекеме қызметкерлеріне рахмет. Бүгін міне наурыз мейрамының құрметіне концерт қойып, көңілімізді көтеріп отыр. Осындағылардың барлығының атынан алғыс айтамын».
Жыл басынан бері 5 кісінің құжаттарын дайындап, қарттар үйіне жолдаған. Туыстары табылып, алып кететіндер де бар екен. 160 орынға арналғанымен қыс кезінде 180-190 адамға дейін көбейіп кетеді екен. Ешкімді қуып жібере алмайды, әрине. Бәрін қабылдауға тура келеді…
Тағдырынан теперіш көріп, ешкім де, ешқашан да қаламайтын жалғыздыққа жаны тұсалған жандар мекеме басшылығы ұйымдастырған мерекелік қойылымды тамашалап, көңілдері марқайып қалды.
А. Бейімбет