33 тұлғаға қатысты сот үкімі оқылды

156

ОҚМУ нің ғимаратында өз әйелін пышақтап өлтірген экс — прокурорға қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Қ.Исаұлының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған. Ол 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын.

Өткен жылы жұрттың жағасын ұстатқан аса ауыр қылмыстық істердің бірі бір үйдің үш адамын өлтірген Олег Власкинге қатысты болатын. Жыл бұрын 53 жастағы әйелді екі бірдей ұлымен қоса жер жастандырған Власкин өмір бойына темір торға тоғытылды.

Судьялардың айтуынша, сот үкіміне сотталушы апелляциялық шағым келтірмеген. 21 және 12 жастағы туған ағалы-ініліні анасымен қоса өлтірген Власкиннің бұл қылмысқа баруы қарыз ақшаға қатысты екендігі анықталған болатын. Қаза болған 21 жастағы жігіт компьютерлік ойындар үшін 250 мың теңге көлемінде қарызданып қалған көрінеді.

Өткен жылдың осы және басқа да қылмыстық істер жөнінде Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында айтылды. 2018 жылдың 18-ші шілдесінде құрылған аталған сотта 33 тұлғаға қатысты сот үкімі оқылған. Барлық үкім өзгеріссіз қалдырылған.

Жанар Есенбекова