45,9 млрд. теңге салық берешегі бар 5 мыңға жуық шымкенттік кәсіпкер рахымшылыққа ілікті

202

45,9 млрд. теңге салық берешегі бар 5 мыңға жуық шымкенттік шағын және орта бизнес субъектілері рахымшылыққа іліккен. «Салық қарыз, оны төлеу парыз» екенін ұмытқан кәсіпкерлерге зор мүмкіндік туып отыр. Жылдар бойы қордаланған қарыздан құтылудың тиімді тұсы көп.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылықты жүргізуді қарастыратын Заң күшіне енгені белгілі. Ал 2019 жылдың 8 ақпанынан бастап берешекті төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидалары қолданысқа енген болатын.

Осыған орай, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер органдарымен 2018 жылдың 1 қазанында болған жалпы сомасы 9 млн.теңгені құрайтын негізгі қарызын төлеген 51 салық төлеушілердің 2 млн.теңге өсімпұл сомаларын есептен шығару туралы шешім қабылданыпты. Шағын және орта бизнестің құлағын ұстап отырған кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер органдарына барып әуре болудың қажеті жоқ. Өсімпұлдар мен айыппұлдар салық төлеушінің өтінішінсіз есептен шығарылады.

Оңалту рәсіміндегі және салықтар бойынша төлеу мерзімін ұзартқан салық төлеушілер, берешек сомасын толығымен төлеген жағдайда, өсімпұл мен айыппұл сомаларын есептен шығару туралы арыздарын аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларына жолдауы қажет.

Бекжігіт Әбіт, Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті мәжбүрлеп өндіру басқармасының басшысы: «Былтырғы жыл бойынша берешегі бар тұлғаларға өсімпұлы мен айыппұлы есептен шығарылады. Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментімен 174 салық төлеушілердің 14 млн. теңге сомасындағы берешегі төленіп, 7 млн. теңге өсімпұлы есептен шығарылған. Салық кодексіне сәйкес алдымен хабарлама жолдаймыз. Оны орындамаған жағдайда касса бойынша, банк бойынша шығыс операцияларын тоқтату бойынша өкімдер шығарылады. Оң нәтижеге әкелмеген жағдайда инкассалық өкімдер шығарылып, борышкерлердің мүліктеріне шектеу қойылады».

Сала мамандары бұл кәсіпкерлерге жасалып отырған зор жеңілдік деп санайды. Бүгінде түсіндіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Алайда бюджетке берешегі бар кәсіпкерлердің дер уағында мүмкіндікті пайдаланар, пайдаланбасы белгісіз болып тұр.

Г.Жұмаш