7-20-25. Субсидия қашан беріледі?

247
фото Ашық дереккөзден

Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы аясында үйлі болуға ниет білдірген азаматтар 20% бастапқы жарнаның жартысын жабуға берілетін субсидиясын әлі алмады.

«СУБСИДИЯНЫ БЕРУГЕ РҰҚСАТ ЖОҚ»

2018 жылдың 3 қыркүйегінде қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов пен «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ төрағасы Қайрат Алтынбеков өзара меморандумға қол қойған еді. Нәтижесінде өңірде «Қамқор Баспана» және «Жас арман» атты екі пилоттық жоба жүзеге асырылатын болды. Бұл жоба бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері (дәрігерлер мен ұстаздар) мен жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді көздейді. Сол үшін республикалық трансферттен 20 миллиард теңге бөлінетін болған. Бұл қаржыға бағдарламаға қатысушылар үшін тұрғын үйлер салынуы керек еді. Дәл сол кезде қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов бағдарламаға қатысушыларға баспаналы болуға әкімдік тарапынан да көмек болатын тілге тиек етті. Яғни, баспананың 20 пайыздық алдын ала төлемнің тең жартысын қайтарымды субсидия ретінде берілетінін айтты.
«Көптеген азаматтар баспананың алғашқы 20% жарнасын төлеуден қиналады. Сондықтан қала әкімдігі қосымша 2 млрд теңге бөлмек. Бұл қаржының 500 млн теңгесі биыл бөлінеді. Бұл субсидия жас отбасылар мен бюджеттік қызметкерлерге баспаналы болуға мүмкіндік береді»,-деген еді қала әкімі.
Әйткенмен, сол субсидияның әлі күнге жария түрде белгілі бір талап-ережемен беріліп жатқаны жайында еш ақпар естімедік. Сонымен субсидия қашан беріледі?
Дәл осы сауалды Шымкентте тұрғын үйді үйлестіруге жауап беретін қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының несие және жекешелендіру бөлімінің басшысы Гүлнара Аширбаеваға қойдық.
Бөлім басшысы «қазір бұл бағытта қаржы бөлініп, тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр» деп бастады әңгімесін. Бірақ, «уәде етілген субсидия мәселесі тоқтап тұр» деп қысқа қайырды.
«Бұл барша қазақстандыққа ортақ мәселе болған соң, республика деңгейінде ережесі бекітіліп жатыр,- дейді ол.
Маман субсидия мөлшерінің 1 млн теңгеге дейін болатынын да айтты.
Осы ретте редакциямызға хабарласқан оқырманның сұрағына да жауап алдық. Оқырман өз сөзінде күйеуінің құқық қорғау органында қызмет ететінін айтты. Сондықтан да «Фронт офиске» барып, әкімнің уәде еткен субсидиясын алуға өтініш жазбақ болыпты. Себебі, қолында алдын ала төлемнің қалған соммасы бар екен. Әкімдік тарапынан көмек болса, көптен бері қол жеткізе алмай жүрген пәтерді алатына үміттенген. Алайда ондағы мамандар «құқық қорғау органдары қызметкерлері субсидия ала алмайды» деп жауап беріпті.
Гүлнара Аширбаеваның айтуынша, бұл жоба әлі қабылданбады. «Елбасының 5 қазандағы Жолдауына сәйкес мұғалімдер мен дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне алғашқы жарнаға көмек беру қарастырылуы туралы айтылған. Қазір осы тарапта қолданыстағы Заңдарға толықтырулар мен түзетілулер енгізіліп жатыр»,- деді маман.

ҚОЛЖЕТІМСІЗ БАСПАНА

Бөлім басшысы бұл бастаманың шаһарда тұрғын үй мәселесін шешуге, соның ішінде «7-20-25» бағдарламасын «жандандыруға» оң септігін тиегізетініне сенімді. Себебі, баспана алуға ниет білдіретіндердің көбінің мәселесі дәл осы 20 пайыздық жарнаға келіп тіреледі.
Бұған 25 жыл бойына ай сайын шамамен 50 мың теңге көлеміндегі төлем жасайтыныңызды ұмытпаңыз. Қолыңызда қаржы болса, сонша жыл күтпей-ақ, қалған сомманы банкке кез келген уақытта құйып, несиені жабуға болады.
Шымкенттік отбасының 1 айда табатын жалақысы елбасымыз айтқандай 500 мың теңге болса, бәлкім осы бағдарламаға қатысатындардың қарасы көп болар ма еді, кім білсін? Алайда, айлығы шайлығынан артылмайтын шымқалалықтар үшін әзірге бұл бағдарлама қолжетімсіз болып тұрғандай.

1 ЖЫЛДА 97 АДАМ БАСПАНАЛЫ БОЛҒАН

«7-20-25» бағдарламасымен баспана алу үшін алатын пәтерді тауып, банкке барасыз. Банк сіздің төлем қабілетіңізді растаса, қайта компанияның кеңсесіне барып, сол үйдің техникалық куәлігінің көшірмесін, сату-сатып алу шартын алып қайта банкке барасыз. Сөйтіп, пәтерді өз атыңызға несиеге рәсімдейсіз. Дәл осындай жолмен 2018 жылы 97 адам баспаналы болыпты. Былтыр баспаналы болғандардың көбісі өз үйлерін «Банк центр кредит» банкінен ресімдеген көрінеді.
Айтпақшы, маман бағдарламаға қатысушылардың аздығын несие тарихының нашар болуымен де байланыстырып отыр. Оның айтуынша, үлкен сомада кредиты бар немесе «қара тізімдегілердің» қатарындағы азаматтарға баспананы несиеге алу қиын. Мұндайда көп жағдайда банк несиені беруден бас тартады. Себебі, бірінші жағдайда — төлем қабілеттілігі төмендейді. Екінші жағдайда — банк азаматтың «қарызын» уақытылы төлеп тұратынына күдікпен қарайды.

ЖАС ОТБАСЫЛАРҒА ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ

Әңгіме барысында Гүлнара Аширбаева соңғы жылдары жас отбасылардың баспаналы болу мүмкіндіктерінен қағылып отырғанын айтты. «2019 жыл жастар жылы болып жариялануына байланысты биыл жастар үшін де жағымды жаңалық болуы мүмкін»,- деді ол.
Сондай-ақ Шымкент қалалық құрылыс басқармасына да хабарласып, қалада салынып жатқан тұрғын үйлер жайлы сұрастырдық.
Басқарма басшысы Әбілсейіт Рабаевтың айтуынша, 2018 жылы Шымкент қаласында мемлекеттік бюджет есебінен 68 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліпті. Оның ішінде: 28 тұрғын үй (1582 пәтер) арендалық, 40 тұрғын үй (2478 пәтер) кредиттік негізде салынған. 2018 жылы солардың 17 тұрғын үйі, яғни 930 пәтері пайдалануға беріліпті. Оның 12- сі арендалы-коммуналдық, 5 тұрғын үйі кредиттік негізде берілген. Ал, 2019 жылы мемлекеттік трансферттен 51 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз — 3 130 пәтер. Оның 898-і арендалық, 2232 пәтері кредиттік негізде беріледі.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №3, 16 қаңтар 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті