Шымкент қаласының бас жоспары 2015 жылы бекітілген. «Тұран» шағынауданы қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан. Жалпы алаңы – 1190 га. Шағынаудан батысында Бәйдібек би даңғылымен шектеседі, солтүстігінде А-2 «Алматы-Термез» транзитті автокөлік жолы жатыр.
Шағынауданда көпқабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік және коммерциялық нысандардың құрылысы қарастырылған. Жеке үйлердің құрылысы үшін 3046 учаске қаралған, салынғаны — 1 325. Шағынауданда 4 мыңға жуық адам тұрады. Тұрғын санының аз болуы инженерлі инфрақұрылымның болмауына байланысты болып отыр. Барлық инженерлік желі тартылған соң тұрғындардың жалпы саны жобадағы көрсеткіш бойынша – 67 мың адамға жетеді.
Шағынауданда жалпы ұзындығы 33,7 шақырым болатын 13 магистральды автожолдың құрылысы қаралған. 13 жұмыс жобасы жасалды. Негізгі магистраль Бәйдібек би даңғылынан 2-3 шақырым жерде «Адия» және «Отау Строй» тұрғын үй кешендері орналасқанын ескере отырып, алғашқы кезеңде, жалпы ұзындығы 7,8 шақырым болатын №1, 2 және 7 көшелердің, 21 мың ш.м. жаяу жүргіншілер жолы мен 23 мың ш.м. веложолдың құрылысын бастау туралы шешім қабылданды.
Жобаның жалпы құны 2,4 млрд. теңгені құрайды. 925 млн. теңге (37 пайыз) игеріліп, биылғы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жұмысты «Отау Строй» ЖШС және «ЭнергоЭксперт» ЖШС мердігер мекемелері атқаруда.
Екінші кезеңде жалпы ұзындығы 16,7 шақырым болатын, жаяу жүргіншілер және веложолдары бар 5 көшенің (№3, 4, 5, 6 және 10) құрылысы жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру үшін, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне 5,4 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлу үшін бюджеттік сұраныстар жіберілді.
Үшінші кезеңде жалпы ұзындығы 9,1 шақырым болатын қалған 5 көшенің (№8, 9, 11, 12 және 13) құрылысы қаралған. Жобаның құны – 1,9 млрд. теңге. Бұған қоса жалпы құны 10,4 млрд. теңге сомаға сумен жабдықтау, су өткізу, электрмен және газбен жабдықтау желілерін тарту қажет.
Жәнібек Нұрыш