Қасиетті Құран кәрімде:
«Әй, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар», — делінген («Ниса» сүресі, 1 — аят).
Бұл аятта «Әй, адам баласы!» деп, барша адамзатқа үндеу жасалған һәм бірнеше ақиқат баяндалған. Әуелі, аят адамдарға олардың адамдығын, Алланың жаратқанын ескертіп тұр. Сосын, жер бетінде әр түрлі күйде өмір сүріп жатқан, бірі-бірімен ұлт пен ұлысқа, дін мен тілге, түр-түске бөлінген адамзаттың түбі бір екенін ескертсе, «одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып» деген сөйлеммен бір жанның өзінен оның жұбы яғни, әйелі жаралғанын айтады.
Құран кәрімде 114 сүре бар. Соның бірі «Ниса» яғни, «Әйелдер» деп аталатын сүре. Осының өзі әйелдердің қоғамдағы орнының айрықша екенін меңзесе керек?
Ислам діні бойынша, қыз баланы өз ата-анасы әлпештеп, еркелетіп өсіреді. Ал, тұрмыс құрғаннан кейін күйеуінің үйінде ол – үй ханымына, құрметті адамға, үйдің бағы мен берекесіне айналады. Жұбайы өз дәулетін одан аямайды, оны бағып-қағады, өзі ішіп-жейтін тағамнан тамақтандырады, шариғат талабына сай киіндіреді. Балалары, анасын құрметтеп, айтқанын тыңдайды.
Асыл дініміз әйел баласын өмір бойы құрметтеп өтуге бұйырады. Ол бізге ана, әпке, жеңге, қарындасымыз не қызымыз болсын оны өмір соңына дейін құрметтеу – мұсылмандық міндетіміз.
Сондай-ақ, ислам діні ата-анаға бойұсынып, ұрпақ тәрбиесіне мұқият қарауға, жақсы мәміледе болып, қамқорлық жасауға шақырады. Ал, ата-анасына қамқорлық жасағандар үшін үлкен сый барын сүйіншілейді. Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм):
«Кімде үш қызы болып, оларға жақсы тәрбие берсе, қамқорлығын аямаса, мейірімімен аяласа, жәннат оған уәжіп болады», — дейді. Сонда бір кісі: «Уа, Алланың елшісі, олар екеу болса ше?» — деп сұрады. Сонда Ол: «Екеу болса да», — деп айтты», — делінеді хадис шәріпте (имам Әл-Бұхари риуаяты).
Мұсылманшылықта екі қыз өсірген адамның қиямет күнгі жағдайына тек қызығушылықпен қаралады. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм) бұл жөнінде:
«Кімде-кім екі қызына жақсы тәрбие беріп балиғат жасына жеткізсе, менімен ол қиямет күні былай келеміз», — деп екі саусағын көрсетті», -делінгені айтылады имам Муслим риуаятында.
Қыз өсіп, тұрмыс құрғаннан кейін оған қамқорлық жасау – күйеуінің міндеті. Құдай қосқан қосағымен бірге өмір сүру бұл дүниедегі ең жақсы нығмет болып есептеледі. Пайғамбарымыз (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм):
«Бұл дүние жалған, өткінші. Ал, мұндағы ең жақсы нығмет – салиқалы әйел», — дейді имам Муслим жеткізген хадисте.
Дін бойынша, махаббат пен мейір-шапағат ерлі-зайыптылық өмірдің тіреніші болуға тиіс. Алла тағала Құран Кәрімде:
«Бірге тұруларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірім орнатқандығы да Оның белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көптеген ғибрат бар екені шүбәсіз», -деген «Рум» сүресі, 21-аят. Сондай-ақ, «Бақара» сүресі, 187-аятта: «Әйелдер сендердің киімдерің, сендер әйелдердің киімдерісіңдер (яғни, аят теңеу аяты болып, бір-біріңмен араласып, «киім денеге жабысқандай ажырамастай ғұмыр кешіңдер. Киім денені қорғағандай, бір-біріңді қорғаңдар! Киім денені ұятқа қалдырмағандай біріңді-бірің ұятқа қалдырмаңдар!)», — дейді.
Ал, мына хадис шәріпте ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм):
«Әйелдерімен жақсы (қарым-қатынаста) болғандар, (міне, солар) араларыңдағы жақсыларың», — десе, басқа бір риуаятта: «Әйелдердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар», – деп әйелге атүсті емес, Алланың ерлерге тапсырған аманаты ретінде қарауға шақырады.
Ал, енді әйел баласы ана атанса, ислам бұл мәселеге өте ерекше көңіл бөлгендігін байқауға болады. Адамдардың ішінде, сый-құрметке ең лайықты жан ол әрине – ана. Мұхаммед пайғамбардың: «Жәннат анаңның табанының астында», — дегенімен бірге: «Әуелі анаңды сыйла, тағы да анаңды, және анаңды сыйла, сосын барып әкеңді сыйла», — деп те айтқанын білесіздер.
Ата-анаға жақсылық жасауды қасиетті Құран кітабында Алла Тағала өзіне құлшылық қылудан кейінгі маңызды орынға қойған. Алла тағала былай дейді:
«Раббың Жалғыз, Оған ғана құлшылық етулеріңді және де ата-анаға жақсылық істеулеріңді бұйырады. Егер олардың біреуі немесе екеуі сенің қол астыңда кәрілікке жетсе, оларға қарап «үһ» деме және олардың (сөздерін) қайтарма! Оларға (әрдайым) жақсы сөз айт!» ,- делінген. («Әл-Исра» сүресі, 23-аят).
Құранның «Аһқаф» сүресінің 15-аятында Алланың өзі бізге әке-шешеге жақсылық жасауға тікелей бұйрық беріп былай дейді:
«Біз адамзатқа әке-шешесіне жақсылық істеуін өсиет еттік…».
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм) саңлақ сахабалары әрдайым өз ата-аналарына үлкен құрметпен қараған. Ибн Аббас (р.а): «Мен Аллаға жақындататын, ананы сыйлаудан артық амалды көргенім жоқ», дейді. Яғни, «Аллаға жақын болайын деген адам анасын сыйласын», деген мағына. Сағад ибн Масғұдтан риуаят етіледі: «Мен Ибн Аббасқа: «Менің әскерге барғым келеді. Ал, ата-анам дәлірек айтсам, әкем мұны құптамайды. Не істейін?» — дедім. Сонда Ибн Аббас: «Ата-анасы бар адам оларға күндіз-түні жақсылық жасасын», — деді. «Екеуіне де ме?» — дедім. Ол: «Иә», — деді де: «Әлбетте, Алла ата-анасына жақсылық жасағанға жәннаттың есіктерін ашып қояды. Кім жақсылық жасап күн өткізсе, Алла әлбетте оған күні бойы жәннаттың екі есігін ашады. Ал егер, түнде жақсылық жасаса, оған түні бойы жәннаттың екі есігі ашық тұрады. Егер ата-анасының бірі ғана болса, оған күндіз жақсылық жасаса, күні бойы жәннаттың бір есігі ашық болады. Ал, түнде бір жақсылық жасап сосын жатса, оған түні бойы жәннаттың бір есігі ашық тұрады. Ата-ананың бірі ашуланса, ол разы болмайынша, Алла Тағала разы болмайды», — деп айтты. Сонда әлгі кісі: «Ата-анасы залым болса ше?» — деп сұрады. Ол: «Залым болса да», — деп жауап беріпті. Демек, әке жәннаттың бір есігі болса, ана сол жәннаттың екінші есігі. Содан, ата-анасы жоқтан гөрі, ата-анасы бардың жәннаттық болуына мүмкіндігі мол. Сондай-ақ, әкеміз тірі тұрса, жәннаттың әке есігі ашық, ал анамыз тірі тұрғанда жәннаттың ана есігі ашылады. Сондықтан, ата-анамыздың өмірде болуы бір ғанибет һәм жаннаттық болуымызға мүмкіндік екен.
Ислам діні екі дүние рахатын
тек ерлерге ғана емес, сондай-ақ, әйелдерге де белгілеген. Мұны «Ғафыр» сүресінің 40-аяты дәлелдей түседі. Онда:
«…Ал ер кісі не әйел, кімде-кім сенген түрде ізгі амал істесе, міне солар жәннатқа кіреді. Сондай-ақ олар онда есепсіз ризыққа бөленеді», — дейді. Және бір келесі аятта: «Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар», — делінеді («Бақара» сүресі, 228-аят).
Ислам әйел баласы үшін жеке мүлікке ие болу құқығын да берген дін. Шариғат заңы бойынша әйел кісі өз мүлкін қалауынша жұмсай алады. Жаратушы Алла Тағала былай дейді:
«Еркектер үшін ата-аналары, туған-туыстары қалдырған мирастан үлес бар. Әйелдер үшін де ата-аналары, туған-туыстары қалдырған мирастан үлес бар. Бұл мирастар – аз-көптігіне (қарамастан), парыз етілген ақылардан» («Ниса» сүресі, 7-аят).
Сағид ибн Джубайр мен Қатада осы аят хақында тоқталып: «Пұтқа табынушылар мирасқа ие болуды тек ересек ер адамға рұқсат ететін. Ал әйелдер мен балаларында мирасқа ие болуға құқығы жоқ еді. Сол үшін Алла осы аятты түсіріп, әйелдерді де мұрагерлік құқыққа ие еткен», — дегенді айтады.
Сондай-ақ, Ислам діні әйел кісілерден білім үйренуді талап етіп, оған ерекше көңіл бөледі. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Білім алу әрбір мұсылман ер кісіге де, әрбір мұсылман әйелге де парыз», — деп ілім ізденудің әйелдерге де тиісті екендігін сөз еткен. Алла Тағала Құран Кәрімнің мына аятын алға тартып: «Айт: білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» — деп білімділерді ардақтау үстінде.
Алла Елшісі Мұхаммед (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм) әйелдерге арнайы бір күнді белгілеп қоятын. Сол күні пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) әйелдерді оқытатын. Сөйтіп, әйелдер пайғамбарымыз берген білімнің арқасында өте қабілетті оқушы болумен қатар, кейінірек басқалар үшін қабілетті оқытушыларға да айналған-ды.
Ислам ерлерге де, әйелдерге де бірдей діни парыздарды орындау қажеттігін алға тартады. Әйел мойнындағы діни міндеттерді орындағаны үшін сауап тауып қана қоймай, сыйлыққа кенеледі, Егер уақытылы орындамаса, күнә арқалап, жазаға да тартылады.
Алла Құран аяттары арқылы мұсылман ерлер де, әйелдер де сақтанып, абай болуы керек болған шаралар жайлы да баяндайды. Қараңыз, «Нұр» сүресінің 30-31- аятында:
«(Әй, Мұхаммед) момын-мұсылмандарға айт, көздерін (бөгде әйелдерге сұқтанып қараудан) тоссын, абыройларын (харамнан) сақтасын. Міне, осы – олар үшін ең таза (жол). Шынында олардың не жасап жатқандарынан Алла хабардар. Момын-мұсылман әйелдерге де айт, көздерін (бөгде ерлерге сұқтанып қараудан) тоссын, абыройларын (харамнан) сақтасын», — дейді.
Демек, рухани тазалықты сақтау барысында ер адам бөгде әйелге, әйел адам бөгде ер кісіге сұқ көздікпен, жаман ниетпен қараудан сақтануы әсте қажет. Өйткені көз көрмесе, жүрек жаманшылықты қаламайды. Ал, көз түссе, жүректі де әзәзіл тез түртеді, алдауына тез түсіреді. Сондықтан ислам әйел адамға ар-ұятын тосарлық ұзын көйлек киіп, басынан жаулығын тастамауды талап етеді.
лла Тағала «Нұр» сүресі, 31-аятының соңында пайғамбарымызға (с.а.с.): «…Бүркеніштермен омырауларын жапсын…», — десе, «Ахзап» сүресінің 59-аятында: «Ей, пайғамбар! Әйелдеріңе, қыздарыңа және имандылардың әйелдеріне айт: «Жамылғыларымен үстерін жауып алсын…», — деген әмірі арқылы мұсылман әйелдерді ұятты жерлерін бекітуге толығымен нұсқап отыр. Осы 59-аяттың жалғасында: «Осылай ету олардың (арлы, адал әйел ретінде) танылуларына жақын. Әрі қорлыққа ұшырамайды. Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», — делінді.
Әрине, арлы-ұятты болу әйел мен еркекке бірдей қасиет. Дегенмен, табиғи жаратылысы, тән түзілісі жағынан алғанда қоғамдық ортада әйел кісінің киім кигенде біршама жинақы болуы шарт. Негізі, Құранда шариғат бойынша киіну арнайы әйелдерден талап етілген. Арнайы әйелдер кімдер? «Ей, пайғамбар! Әйелдеріңе, қыздарыңа және имандылардың әйелдеріне айт: «Жамылғыларымен үстерін жауып алсын…», — деген аятқа қарағанда Мұхаммед пайғамбардың үмметіне қаратылған үндеу. Олай екен, өзін «Мұхаммед пайғамбардың үмметімін» деп санаған мұсылман әйелдері бұл аяттың талабын орындауы лазым.
Осы аяттар уахи етілмей, ислам діні келмей тұрып араб әйелдері әшекейлерін көрсетіп мақтануда алдына жан салмайтын. Шаш өрімдері, мойнындағы алқалары, құлақтағы сырғалары, қолындағы білезіктері тіпті омырауларымен де мақтанатын.
Кезі келіп, аталмыш осы аят түсікенде мұсылман атанып, иманды болған әйелдердің көрінісі мен келбеттері түбегейлі өзгерді. Мұсылман әйелдер аяттың әміріне бағынып, ұятты жерлерін толығымен жапты. Мұсылманшылықта әйелдің көкірегі (төсі) әурет саналады. «Әурет» деп ұятты жерді айтамыз. Көкірегін көрсетіп жүру ұят, қала берді күнә. Әйелдердің жүріс-тұрысмен, ашық-шашық киімімен бөгде ерлерді өзіне қаратып, олардың шәһуат сезімдерін қоздыруы — зинаға жол ашуына себеп болады. Олай болса, әйел заты өзін және өзгені күнәға батыратын жат әдеттен абай болғаны жөн.
Ардақты пайғамбарымыз бүгінгі ашық-шашық киім киген нәзік жандыларды сипаттай келе былай дейді: «Ақырзаман уағында менің үмметімде киімі бар, алайда жалаңаш көрінетін әйелдер болады, оларға лағнет айтылады, өйткені олар лағнет етілген әйелдер».
Бұл ауыр айтылған сөз. Пайғамбарымыз (саллалаһу аләйһи уасаллам) жұмсақ, мейірімді, рақымды еді. Ол тектен-текке ауыр айтпайтын. Мұның сыры әйел баласы бұзылса, қоғамның аман қалмайтындығын меңзесе керек?!
Әйел адам өзінің аналық мейірімімен, күйеуіне деген ізеттілігімен қымбатты. Әйел орамалымен көрікті. Жарасымды түрде ұзын киінумен ибалы. Қазақтың: «Есті қыз етегін қамтып ұстайды», — деуі де бекер емес. Ал осы тұрғыдан алғанда орамал тағу, ұзын киім кию – әйел адамның нәзік болмысы мен әдемілігін бөтен адамдардың арам пиғылынан, сұқ көзінен сақтайтын бірден-бір қорған. Әрі әйел затын мейірімділік, нәзіктік, ар-ұяттылық сияқты тағы басқа әйелге тән асыл қасиеттерімен танытатын нышан.
Алла елшісі пағамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу әләйһи уәсәлләм): «Шынында әр діннің өзіне тән мінез-құлқы болады, Исламның мінез-құлқы – ар-ұят», — деген. Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Ар-ұят иманнан, ал иманның орны – жәннат», — дейді. Және бір сөзінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ұят пен иман бірге жүреді. Екеуінің бірі кісі бойынан кетсе, екіншісі де тұрмайды», — дейді ұяттың маңыздылығын тілге тиек етіп.
Аяулы аналарымыз, ардақты әпке және сүйікті қарындастарымызға Алла Тағаладан тауфиқ әрі баянды да бақытты ғұмыр тілеймін! Елімізде ана мерейі әрқашан үстем болсын! Алла қарындастарымыз бен қыздарымызды тура жолдан тайдырмасын!
Бақтыбай қажы Бейсенбаев,
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы
бойынша өкіл имамы