Бүгін Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев жаңа жыл қарасаңында өртке оранған көппәтерлі Асықата кенті М. Әуезов көшесі №22 үй тұрғындарын 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен арнайы құттықтап, сый-сияпат жасады.

Естеріңізге сала кетейік, тілсіз жау өткен жылдың 27 желтоқсан күні 6 отбасының шаңырағында орын алған еді. Абырой болғанда адам шығыны мен дене жарақатын алғандар болмады. Тілсіз жаудан бір отбасының ғана үйі аман қалса, тағы біреуі жартылай өрт шарпыған-тын. Ал қалған 4 отбасының үйі заттарымен бірге өртеніп кеткен еді. Мәселенің мән-жайымен таныс болған аудан әкімі арнайы штап құрып, үйсіз қалған тұрғындарды уақытша пәтерлерге орналастыруға тапсырма берді. Сол мезетте зардап шеккен отбасыларға Асықата кентіндегі №15 колледждің жатақханасынан арнайы жай дайындалды. Ал қалғандары қалаулары бойынша жалдамалы пәтерлерге қоныстандырылған болатын.

Сондай-ақ, аудан басшысы өз атынан бір отбасының пәтер жалдауына 100 мың теңге қаржылай көмек көрсетті. Қалған тұрғындардың барлығына дерлік демеушілер тарту аясында қажетті киім-кешек, оқу құралдары, тұрмыстық қажеттілікке қажетті керек-жарақтар сатып әперілді. Бұдан бөлек, аудан әкімшілігі қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударуының есебінен бүгінде өртенген үйдің іргетасы құйылып бітті. Енді берер күнде үйдің кірпіштері қалана бастайды.

Аудан әкімі үйдің құрылыс жұмыстарының барысымен де танысып, атқарылып жатқан тірліктерге оң бағасын берді. Аудан басшысының қолынан сый-сипата алған тұрғындар алғыстары білдіріп, ақ баталарын берді.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі