Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының ұжымы бір күндік жалақыларын қайырымдылық шараларына жұмсады. Аурухананың бас дәрігері Гүлдария Шардарбекованың бастамасымен ақ желеңді абзал жандар ауылдастарына көмек қолын созуда.
Сауапты іске бір кісідей атсалысқан аудан дәрігерлері мұқтаж жандарға
қол ұшын беруге әрдайым дайын екендіктерін осылайша тағы да бір дәлелдеді.
Медицина қызметкерлері алдымен өздерінің арасындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы аналар мен отбасыларға көмектесті. Аудандық аурухана және оған қарасты 12 дәрігерлік амбулаториядан жағдайы төмен барлығы 72 отбасы анықталған. Олар үшін арнайы 6 ірі қара мал сойылып, 144 қап ұн, 72 қап макарон өнімдері, күріш және май алынды.
Азық-түліктер әр отбасыға теңдей бөлінді. Осылайша әр шаңыраққа 17 келіден ет, екі қап ұн, 5 литр өсімдік майы, 5 келі макарон мен күріш таратылды.
Бәйдібектік дәрігерлердің мұндай қайырымдылық іс-шарасы жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шараға айналғанын да айта кеткен жөн.
Жанар Есенбекова