Бабайқорғандықтар әкімнің көзінше бір-біріне жұдырық жұмсады

601

Шалғайдағы ауыл тұрғындары шалқып өмір сүргісі келеді. Ол үшін ел қазынасынан қыруар қаржы қаралып, әлеуметтік нысандар салынып та, жөнделіп те жатқанын айтады. Бірақ, бюджет қаржысын талан-таражға салып, сапасыз дүниелер кедергі келтіріп тұрғанын жасырмайды.

Кентау қаласына қарасты Бабай Қорған ауыл округінің тұрғындарының мазасы қашты. Шенеуніктердің шала жұмысынан шаршағандары соншалық, 2017 жылдан бері осы ауылды көркейту үшін бөлінген 267 млн. теңгені түгендеп жүр. Сұрақтың жауабын таппай, әлекке түскен ауылдықтар қала әкімін кездесуге шақырды.

Бюджет қаражаты жұмсалған 9 нысаның бірі Бабай-Қорған мен Қисық- Шоқпар елді мекенін қосатын Жаңақорған өзенінің үстіндегі шағын көпір. Жөнделді деген аты болмаса, жыл өтпей жатып сыр берген. Бұл көпірден жанын шүберекке түйіп өтетін жұрт, оқушыларды таситын автобусты жүргізбей, айналма жолға салған. Есесіне, тағы да мемлекет шығынға ұшырады дейді ауылдықтар.

Ж. Бижанов, ауыл тұрғыны: “Осы көпірге 26 млн. теңге бөлінген. Жұмсалғаны 6,5 млн. теңге. Қалғаны қайда? Біз сараптамашы шақырып есептеттік. Арыз жаздық, жауап беретін ешкім жоқ”.

Ал «Ақтөбе» каналының үстіне салынған екінші көпірдің де жағдайы тіптен сын көтермейді. Пысықай мердігерлер «Жаңақорған» өзені үстінен өтетін өткелдің ескі бетон төсеніштерін осында орнатқан деседі. Бұл көпір көктемнің тасқын суына төтеп бере алмайды, есесіне қатынас қиындайды деп қауіптенеді тұрғындар.

Амангелді Матпусаев, ауыл тұрғыны: “Бұл көпірге 11 млн. теңге бөлінген. Оның толық игерілгеніне біз сенбейміз. Ертең көпірді шайып кетсе азық -түліксіз қаламыз. Онсыз да қатынастағы жолдарымыз мәз емес”.

Апатты көпірден бастап, ауылдың барлық мәселесін тізіп шыққан ағайын Шорнақ және Бабай-Қорған арасындағы жолдың да жарытпай тұрғанын қосты. Сапасыздығынан, аз уақытың ішінде 6 кісі көз жұмған дейді. Шыдамы таусылған бабайқорғандықтар өздеріне жауапты Кентау қаласының әкімін шақырып, ауыл әкімін ауыстыруды талап етті.

Өкініштісі сол, халық әбден ашуға булыққан. Тіпті, бірін-бірі тыңдамай, бас-басына қожа болғаны көрініп-ақ тұрды. Ол аздай қала әкімнің сөзіне құлақ аспай, бір-біріне жұдырық жұмсады.

Ғани Рысбеков, Кентау қаласының әкімі: “Мен бұл мәселелердің бәрін білемін. Құқық қорғау органдарына тапсырылған. Енді кепілдік мерзімдерін көреміз. Мүмкіндігінше келеңсіздікті жоюға тырысамыз”.

Ауылдықтарды бірлікке шақырған қала әкімі, барлық талап-тілектерін заң шеңберінде қарайтынын жеткізді. Кінәлілер жазасыз қалмайтынына сендірді.

Нұрлан Күдерұлы