Елордамызды «Нұр-Сұлтан» деп аталуына қолдау білдіріп жатқандар көп. Өзі іргетасын қалап, дамуына дейін атсалысқан тұңғыш Президентке лайық құрмет дейді «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы мүшелері. Өңірдегі бастауыш партия ұйымдарының басын қосып, форум өткізді. Сөз алған көшбасшы партия мүшелері бірауыздан қолдайтындықтарын жарыса айтты.
Елбасының еселі еңбегін саралаған нұротандықтар бұл атаудың символикалық мәні бар екендігіне де тоқталды. Нұр сөзі Алланың нұры жауған дегенді білдірсе, сұлтан дегені әлемдегі астаналардың сұлтаны болсын деген мақсатты көздегендей десті.
Бахадар Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Нұр-Сұлтан атауы өте керемет атау деп ойлаймын. Елбасымыз елді біріктірген, халыққа деген, мемлекеттімізге деген жанашырлығы, болашақты болжай білген көрегендігі саяси тұлға ретінде дәлелденген. Екіншіден, қазақта ат қоюға өте үлкен мән берген. Символикалық мәні бар. Нұр — Сұлтан деген атауды екіге бөліп жазуын да мен үлкен символикалық мән, болашаққа деген сенім көріп отырмын».
Жиынға қатысқан кәсіпкерлер де бұл тарихи шешімді бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді. Қоғамның бақуаттылығы үшін шағын және орта бизнеске жасалып отырған жағдайды саралай келе, «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуы барлық кәсіпкерлерді қуанышқа бөледі дейді бизнестің биігін бағындырғандар.
Мейірбек Көшенов, «Шымкент механикалық зауыты» ЖШС-нің директоры: «Осыдан 10 жыл бұрын кәсіпкерлік саласын меңгеру мақсатында тұңғыш президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасымен Малайзия технология университетін үздік бітіріп, сол елде телекоммуникация саласында екі жыл жұмыс істедім. Одан кейін елімізді көркейту үшін күнгейге оралып, механикалық зауытты қайта іске қостым… Елбасының кеше ғана жасаған тарихи мәлімдемесі көрегенділік пен кемеңгерліктің нәтижесі деп білемін. Өзі бас сәулетшісі болған Астана қаласын Нұр Сұлтан деп атауын барлық кәсіпкерлер қуана қолдаймыз».
Нұротандықтар Тәуелсіздік алған жылдардан бергі жеткен жетістік, алған асу, бағындырған биік белестерді саралап, Астананың жаңа атауы Елбасының атын иеленуге әбден лайық деп қызу қолдайтындықтарын жеткізді.
Г.Жұмаш