Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі аясында пайда болған «7-20-25» бағдарламасының орындалуы әлі күнге жақсармады. Мұның бәрі де Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың Үкіметтің селекторлық отырысындағы баяндамасынан мәлім болды. Өткен жылдың ортасында аталған бағдарламаны жүзеге асыратын «Баспана» ипотекалық ұйымы құрылды. Талаптары бекітілді. Қатысушы банктер анықталды. Ипотека беру басталды.
Әйткенмен…
2019 жылдың 17 қаңтарындағы жағдай бойынша барлығы 52 млрд теңгеге 4350 өтінім мақұлданды. Осы аралықта банктер 17 пайыз өтініш берушіге немесе 1237 өтінім бойынша қарыз беруден бас тартқан.
«Бас тартуға негізгі себеп — кредит тарихының нашарлығы және жеткілікті кірістің болмауы», — деді Д. Ақышев.
Демек, жарты жылда аталған бағдарлама бойынша баспаналы болуға тек 5500-дей ғана азамат өтінім білдірген. Енді Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, Мемлекет басшысының назарындағы бағдарламаның көрсеткіштерін жақсарту үшін бірқатар өзгерістерді қолға алғалы отыр.
БАСПАНА ЖЕТІСПЕЙДІ
Ең алдымен, қазіргі уақытта шектеудің бірі – ең алдымен өңірлерде баспананың жетіспеушілігі.
«Осыған байланысты бағдарлама талаптарына сай келетін тұрғын үй құрылысын Қазақстанның перспективалық өңірлерде қамтамасыз ету маңызды. Сол үшін тұрғын үй саларда демографиялық өсімге және халықтың көшіп-қоны ескерілуі керек. Алдын ала бақылау бойынша 2019 жылы баспанаға деген қажеттілік шамамен 16 мың пәтер болады. Сондықтан да Тұрғын үй ұсынысын ұлғайту үшін Ұлттық банк жергілікті атқарушы органдардың «Баспана» компаниясының 150 млрд теңгеге дейін сомадағы облигацияларын нарықтық талаптармен сатып алуға рұқсат берді. Бүгінде бұл тетікті Шымкент қаласының әкімдігі ғана 10 млрд теңге мөлшерінде пайдаланды. «Баспана» ұйымынан қаржыландыру тарту құқығын басқа әкімдерге беру мүмкіндігін қарастыру қажет», — деді Данияр Ақышев.
Бағдарламаға қатысушылардың санаты ұлғаюы мүмкін
Екіншіден, баспанасы бар азаматтардың да 7-20-25 бағдарламасына қатысуына мүмкіндік беру. Осылайша, әуел баста баспанасыз қазақстандықтарға арналған бағдарлама бағытынан айнып, баспаналы қазақстандықтарды да жарылқағалы отыр.
«Бағдарламаға қатысу талаптарының бірі — меншік құқығында баспананың болмауы. Сонымен қатар азаматтардың меншікті баспанасы болып, қосымша баспана талап етілетін көптеген жағдай да бар. Бұл тұрғын үй талаптарын жақсартатын көп балалы отбасылар, балаларына баспана сатып алатын ата-аналар, басқа географиялық өңірге көшетін азаматтар болуы мүмкін. Халықтың қажеттілігін назарға ала отырып, Ұлттық банк Үкіметке бағдарламаға меншік құқығында баспанасы бар азаматтарға қатысу құқығын беру мүмкіндігін зерделеуді ұсынады», — деді Д.Ақышев Үкімет отырысында.
Тұрғын үй бағдарламаларына өзгерістер енді
Үшіншіден, «Нұрлы жер» арқылы салынған үйлер «7-20-25» бағдарламасымен сатылуы мүмкін. Бұл туралы да Данияр Ақышев айтты.
Оның атап өтуінше, бағдарламаны жандандыру үшін 2018 жылғы желтоқсанда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына өзгерістер енгізілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлер Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі арқылы салымшылар мен кезекте тұрғандарға және барлық азаматтарға «7-20-25»бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздар арқылы сатылуы мүмкін», — деді банк басшысы.
«Оңтүстік Рабат» газеті, 4, 23 қаңтар 2019 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті