Ақ халаттылар «Алаш» базарында қабылдау өткізді

186

Дәрігерлер қоғамдық орындарда қала халқын тексерістен өткізіп жатыр. 24 ақпанда басталған шара осы жолы «Алаш» базарында жалғасты. Тексеру бұрышын көргеннің барлығы да мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысты. Айта кетейік, қабылдауда 200-ге жуық қаралушы болды.

Осы айдың 24 жұлдызына дейін жалғасатын шара «Өзіңді туберкулезден сақта» деп аталады. Бұл жолы ақ халаттылар елдің өкпесін тексеруге «Алаш» базарына бағыт алып отыр. Кеудесін түсіруге келгендер қатары да аз емес. Кезекке тұрғандар қорытындыны шылымның зияны жайында видео көріп күтті.

Ақерке Шақаманова, шара ұйымдастырушы: «Іс-шара барысында Шымкент қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, облыстық туберкулезге қарсы фтизиатор мамандары, терапефт, психолог мамандарының қатысумен іс-шарамыз жалғасуда. Базарда кемінде флюраға түсуге келгендер саны 100-ден асты. Ал, дәрігерлерден кеңес алғандар саны 200-ге жуық”.

Осылайша уақытты бос жібермеуге тырысқан дәрігерлер халықтың қан қысымын да өлшеп берді. Олардың басым бөлігі ақ жаулықты аналар. Өз денсаулығын бақылаудан өткізгісі келгендердің бірі — Алқагүл Арынғазиева. 50 жастан асқан ана сауда орталығында 3 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Соңғы кездері денсаулығы сыр берген екен.

Алқагүл Арынғазиева, қала тұрғыны: «Мен өзім дәрігерлерге қаралып жүрмін. Ауырған ағзаңды анықтап, кеңестерін беріп жатыр. Пайдасы бар. Біз сияқты қарапайым халыққа көмектерін көрсете берсе жақы ғой».

Айта кетейік, мұндай тексеру шаралары енді «Айна базар» мен «Самал» сауда орталықтарында, мектеп және жоғарғы оқу орындарында жалғасын таппақ. Ал, “Алаш” базарында халық денсаулығын қараған дәрігерлер жұртшылықты бимен шашу шашып, тәнті етті.

Назерке Үкібасова