Халықаралық әйелдер мерекесі күні Шымкентте 57 сәби дүниеге келді. Перзентхана өкілдері бүгін оларды ерекше сән-салатанатпен үйлеріне шығарып салды. Демографияға үлесін қосып отырған қыз-келіншектердің қуанышында шек болмады бұл күні.

26 жастағы Гүлжанар Шынасилова перзентханада мереке күні босанған алғашқы әйел. Түнгі сағат бірлер шамасында ол аман-есен босанып, шекесі торсықтай ұлын қолына алған. Нәзік жандылар мейрамында дүние есігін ашқан сәбидің есімі – Аян. Салмағы үш жарым келіге жуықтаған нәрестенің жағдайы жақсы. Жас ананың да көңіл-күйі керемет.

Гүлжанар Шынасилова, жас ана: «Өзімнің де, баланың да жағдайы жақсы. Біз бүгін үйімізге шыққалы жатырмыз. Дәрігерлерге алғысымыз шексіз».

Бүгін перзентхана қызметкерлері мереке күні босанған аналар мен осы күні дүниеге келген сәбилерді ерекше қошеметпен үйлеріне шығарып салды. Сый-сыяпат жасады. Ақ халаттылар ешқандай асқынуларсыз босанған жас аналардың да, балалардың да жағдайы жақсы дейді.

Айта кетейік, Шымкент қалалық перзентханасында 8 наурыз күні 19 бала дүниеге келген. 8 ұл мен 8 қызды мереке күнінде кезекшілікке түскен 16 маман аман-есен босандырып алды дейді перзентхана басшылары.
Перизат Амирова, Шымкент қалалық перзентхана бас дәрігерінің орынбасары: «Былтыр 8-наурызда бізде 31 бала дүниеге келген болатын. Біз мерекеге қарамай жұмыс істеуге дайынбыз. Күндіз-түні кезекшілер өз қызметтерін атқарады. Ұрпағымыз көбей берсін!».

Шымкентте халықаралық әйелдер күні дүниеге келген ұлдардың басым көпшілігі Айсұлтан, Әлимансұр есімдерін иеленген. АХАТ саласы мамандары соңғы кездері қыз балалар үшін Медина, Раяна, Кәусар, Айзере есімдерінің жиі таңдалатынын айтады.

Айта кетейік, халықаралық әйелдер мерекесі күні 31 қыз бала, 26 ұл бала туылған. Жас аналардың ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерінің қатарын арттырғандар да бар.

Мақпал Рысбаева