Екі айда Түркістан облысында 5 адам өндірістік ауыр жарақат алған

407

Жыл басынан бері Түркістан облысында 5 өндірістік жазатайым оқиға тіркелген. Зардап шеккен 5 адам да ауыр жарақат алған. Оқыс оқиғалар Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сайрам аудандарында орын алған. Бұл туралы жуырда «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Кәсіподақтар федерациясының оқу орталығымен ұйымдаса өткізген оқыту семинарында айтылды.

Еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау тақырыбында өткен шарада жазатайым оқиғаларды төмендету жолдары қарастырылды. Кәсіподақ өкілдері өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін ең алдымен кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыскерлерге еңбек қауіпсіздігін сақтау мен еңбекті қорғауға бағытталған оқыту жұмыстарын ұйымдастыру қажет деп есептейді. Сала мамандарының пікірінше, мұндай шаралар әсіресе жайсыз жағдайлар тіркелген мекемелерде шұғыл түрде ұйымдастырылуы қажет.

Айта кетейік, былтыр Түркістан облысы мен Шымкент қаласында өндірістік жазатайым оқиғалар саны – 52-ге жеткен. Зардап шеккендер саны — 63 адам, оның 11-і қайтыс болған. Ал 50-ден астамы түрлі жарақат алған дейді кәсіподақ өкілдері.

Сондай-ақ, бір жыл ішінде өңірде 6 топтық жазатайым оқиға орын алған. Жайсыз жағдайларда 17 адам зардап шеккен болса, 1-уі оқиға орнында қайтыс болып, 16 адам түрлі жарақат алған.

Бұл деректер Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай, Ордабасы, Сайрам, Созақ, Төлеби, Түлкібас аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында тіркелген. Ал топтық жазатайым оқиғалар Сайрам аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларында болған.

Жанар Есенбекова