Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауы ел халқы үшін күтпеген жағдай болғаны анық. Тіпті бұл туралы естігенде көздеріне жас алып, өз қимастықтарын білдіргендері жетерлік. Елдегі болып жатқан саяси өзгерістерге қатысты шымкенттіктердің пікірін сұраған едік.
2019 жыл, 19-шы наурыз. Бұл тарих бетінде ойып тұрып орын алатын күн. Дәл осы күні ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтататынын бүкіл елге жария етті.
Президенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқандығы жайлы кеше кешкісін білген ел есеңгіреп қалды. Есін жия алмай, Елбасын қимай жүр. Елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын жаудырған қалалықтар Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімді.
Нұрсұлтан Әбішұлы басқарған жылдардағы елеулі оқиғаларын сараласақ. 1991 жылы 1-ші желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің бірінші тікелей бүкіл халықтық сайлауы болып, онда Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,7 пайыз дауысын алды. Содан бері зайырлы мемлекетімізді бүкіл әлемге мойындатып, өркениетті елдер қатарынан ойып тұрып орын алды.
Ал 1997 жылдың 20 қазанында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып бекітілді. Иә, сол жылдың қара күзінде Мемлекет басшысы жаңа астана төрінде республикамыздың мемлекеттік нышандарын орталық алаңда салтанатпен қарсы алған болатын. Міне, осы сәттен бастап, Алатаудың бөктеріндегі әсем қала Алматыда қоныстанған мемлекеттік органдар Арқа төсіне атбасын бұра бастаған еді.
Ал 1998 жылдың 10 маусымында әлем картасында пайда болған жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Ата Заңымыз бекітіліп, төл теңгеміз дүниеге келді. Осыдан екі жыл бұрын халықаралық «EXPO» көрмесін өткізіп, елдің экономикасының дамығанын, әлеуеті өскенін паш етті. Көрме сондай-ақ елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін бергені баршаға мәлім.
Президенттің ауқымды жобаларының бірі — Оңтүстік қазақстан облысының орталығын Түркі әлемінің рухани- мәдени астанасы Түркістанға көшіріп, өңірге Түркістан облысы атауын беруі.
Халық бұл тарихи шешімді жылы қабылдады. Бүгінде Қасиетті Түркістанда қарқын алған құрылыс қазақ елінің назарында. Елбасының бұл қадамын күнгей жұрты Түркістан облысына, халқына деген ерекше ықыласы деп қабылдады. Сондықтан да абыройы асқақтаған Нұрсұлтан Назарбаевты қимастықпен шығарып салды. Ендігі тілектері елдің ынтымағы ыдырамай, тыныштығының сақталуы.
Шынар Оразова