Емханалар жаңа жүйе бойынша қабылдайды

200

Шымкенттік емханаларда енді өздерінің дәріханалары бар. Бұған дейін тіркеу бөлімі болған орындарда науқас жандар тегін дәрі алып емделуде. Ел жағдайына ыңғайластырылған жаңалықтар мұнымен бітпейді. Балалар денсаулығына баса назар аударылып, қабылдауға жаңа жүйе арқылы тіркеу басталды.

Қаламыздағы емханалар елді жаңа жүйеде қабылдауға көшті. Осыған дейін халық есік алдындағы қызметкерлерге жүгінсе, енді электронды аппарат қолданып үйренуде. Барлығы да бармақ басты, көз қыстылықты азайтып, уақытты үнемдеу мақсатында.

Денсаулық саласындағы цифрлық жаңашылдықтардың тағы бірі — даму қосымшасы. Ұялы телефонға қондырылатын жүйені бүгінгі таңда бір емхананың өзінде 10 мыңнан астам жан қолдана бастаған.

Ел болашағы сәбилер жағдайы да назарда. Ол үшін балалар денсаулығын қарайтын педиатриялық учаскелер қатары көбейді. Нәтижесінде әр дәрігер 500 баланы қарауында қалдырып отыр. Айта кетейік, осыған дейін олардың саны 1000-ға жуық еді. Бірақ мамандар бүгінде балалар дәрігерінің тапшы екенін айтады.

Айман Оспанова, №7 емхананың бас дәрігері: «Педиатрлық учаскелер бізде осында ашылды. Бадам елді мекенінен де аштық. Педиатр дәрігерлер тапшылығы бар. Басқа дәрігерлер түгел. Қазіргі таңда тағы бір учаске ашатын болсақ, тағы 2 маман керек».

Осыған дейін науқастар тегін дәріні алу үшін қаладағы дәріханаларды аралап келсе, енді емхана ішінен таба алады. Айта кетейік, бүгінде оның 13-і жұмысын бастап кетті. Ал тегін медициналық көмекті алатындар бұдан былай ұзын-сонар кезекке тұрмайтындарына қуанышты.

Дастан Бултенов, қала тұрғыны: «Менің осы жерден тегін дәрі алып жатқаныма 1 жыл болды. Қыздар жылдам жұмыс жасап жатыр. Олардың бұл бастамасына тек оң бағамды беремін. Себебі уақыты болғанда өздері звондайды».

Сондай-ақ, бұған дейін емханаларда ата-аналар қабылдауды кезекке тұрып күтетін еді. Сол уақытта балалардың көңілін аулау үшін қазір балалар бөлмесі ашылып отыр. Дәрігерлер сәбилердің онда түрлі ойыншықтармен жұбанатынын айтады.

Назерке Үкібасова