Гүл шаруашылығына мемлекеттен қолдау қажет

389

«Гүл шаруашылығына мемлекеттен қолдау жоқ. Бұл бизнестің кенже қалып отыруының бір себебі осында» дейді қазығұрттық шаруа. Соған қарамастан ата кәсіптің үдесінен шығып, табыс көзіне айналдырып отырған кейіпкеріміз ауданға іс сапармен барған өңір тілшілеріне таныстырылды.

Гүл өсіретін шаруалардың бас ауруы – көмір мәселесі. Бір жарым гектарды алып жатқан гүл бағын баптауға жылына 500 тонна қатты отын жағылады екен. Мемлекеттен қомақты қолдау көрмесе де Хамдамиддин Садиров атадан балаға мұра болып жеткен бұл шаруаның көзін тапқан. Хамдамиддин Садиров, серіктестік төрағасы: «Әбден үйренген кәсіп. Бұрын Ресей еліне көп жіберетінбіз. Қазір Қазақстаннан да сұраныс көп. Бізге енді газ кіргізіп берсе, дұрыс болар еді. Бұл экологиялық тұрғыдан да тиімді».

«Черная магия» деп аталатын раушан гүл түрі күнгей климатына бейім. Бүгінде көпшілік сұранысына ие бұл гүлдерді баптау қияр мен қызанақ өсіруден әлдеқайда оңай дейді шаруалар. Күн райы қарасса жылына тіпті 5 рет өнім алуға болады екен. Жауаптылар ауданда мереке кезінде саудасы қыз-қыз қайнатын бұл бизнеске бет бұрғандар көбейіп келеді дейді.

Серік Нұрманов, аудан әкімінің орынбасары: «Тұрбат ауылының өзінде 6 гектар гүл бағы бар. Мемлекеттен нақты көмек болмаса, да біз өз тарапымыздан шаруаларға тыңайтқыш беріп отырамыз».

Айта кетейік, қожалық бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Маусым кезінде мұндағы жұмысшылар саны арта түседі. Әрбір қызметкерге 70 мың теңге көлемінде жалақы төленеді екен. Қазығұрттық шаруалар 8 – наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында 50 мың дана раушан гүлін сатылымға шығармақ.

Мақпал Рысбаева