Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызмет басқармасының қызметкерлерін көпшілік «көрінбейтін соғыстың сарбаздары» деп атап кетуі тегін емес.
Көзге көрінбесе де дәл осы қызметтегілердің жауапкершілігі мен тиянақтылығы, жеделдігі арқасында талай төтенше жағдайларда тік тұрып, жұмыла салдары мен себебін жоюға ұйытқы.
Осы қызметте табаны күректей он жеті жыл еңбек етіп келе жатқан азаматтық қорғау подполковнигі Әлима Сыздықбекқызы қызмет барысында талай тілсіз жаудың тырнағынан адам өмірін аман алып қалып, төтенше жағдайлардың салдарының зораймауына сеп болған.
Күндіз түні кезекшілік жасап, азаматтардың қоңырауын қабылдап, барлық тиісті жауапты мекемелердің жұмысын жұмылдырылып, өрт немесе қар көшкіні секілді кез- келген төтенше оқиға орнына жедел ұйымдастыру дәл осы шұғыл кезекшілердің үлесіндегі іс. Осындай жауапты қызметте қырағылықты ұмытпаған Әлима Сыздықбекқызы «Самал» базарындағы өрт оқиғасы кезінде, Сарыағаш пен Ордабасы аудандарындағы 2012 жылы орын алған су тасқыны кезінде де, тағы осы секілді көптеген төтенше жағдайлар барысында адам өлімі мен материалды шығынның орын алмауына мұрындық бола білген.
Адал қызметі мен табандылық, төзімділігін ескеріп Шымкент қалалық ТЖД басшылығы азаматтық қорғау подполковнигі Әлима Сыздықбекқызын талай марапатқа да ұсынған. Әлима Жаманқұлова «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «ҚР ІІМ ТЖК 20 жыл,»»ҚР ІІМ 25 жыл», «Өрттен құтқару қызметіне 100 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Көктем мерекесі қарсаңында Шымкент қалалық ТЖД басшылығы азаматтық қорғау подполковнигі Әлима Сыздықбекқызын «Азаматтық қорғау жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатқа ұсынып отыр.
Елгезек, еңбексүйгіш Әлима Сыздықбекқызының өзі: «Кезекшілік кезінде тек төтенше жағдайлар кезінде ғана емес азаматтар, әсіресе зейнеткер қариялар электр жарығы сөніп қалса да хабарласып көмек сұрап жатады. Ондай кездерде де тиісті орындарға хабар беріп міндетті болмасақ та көмек беруге тырысамыз. Кейіннен алғыс айтып, қарапайым адамдар хабарласып жатқанда көңілің кәдімгідей марқайып қалады. Еңбектің ләззаты да осы деп білемін»- дейді.
Жанар Есенбекова