М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де «Мерейлі отбасы» байқауы өтті

376

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Әйелдер Кеңесінің» ұйымдастыруымен осы ұжымда жұмыс істейтін отбасылық жұптар арасында «Мерейлі отбасы» байқауы өтті. Байқау мақсаты — отбасы институты мен отбасы құндылықтарын насихаттай отырып, жас ұрпаққа, болашақ отау иелеріне салт — дәстүрге негізделген тәрбие мен дұрыс бағдар беру болып табылады.

Оған түрлі факультеттерден 11 отбасы қатысты. Байқау үш кезеңнен тұрды, онда әрбір отбасы өздерінің таланттарын көрсетіп, нағыз үлгілі отбасы екендіктерін дәлелдей білді.

Бірінші кезеңде жұптар бір-бірін таныстырды, екіншісінде олар шығармашылық өнерлерін көрсетті, ал үшінші кезеңде әртүрлі жағдайлық және отбасылық мәселелерді шешуде даналық пен талғампаздық көрсету ұсынылды.

Байқаудың үш кезеңінде де барлық сыннан үш отбасы сүрінбей өте білді.
Ең үлгілі отбасыға 200 мың теңге ақшалай сыйлық берілді. Бірінші орынды Тілеубаевтар отбасы алды. Сералы және Балжан Тілеубаевтардың отбасы құрғанына 33 жыл болған. Бақытты отбасы бір ұл мен бір қыздан екі немере сүйіп отыр. Бақытты жұп М.Әуезов атындағы ОҚМУ қабырғасында бірге жұмыс істейді. Сералы Шабайұлы – филология ғылымдарының докторы, ал жұбайы Балжан Сейдраманқызы — өнер кафедрасының меңгерушісі.

Екінші орынға «Механика және Мұнай өндіру» факультетінің атынан қатысқан Хусановтар отбасы лайықты деп танылды. Оларға 100 мың теңге табыс етілді. Ал үшінші орынды «Жеңіл өнеркәсіп және тағам өндірісі» факльтеті атынан қатысқан Қаратевтар отбасы жеңіп алды. Оларға 50 мың теңге сыйақы табыс етілді.