Мемлекеттік қызметкерлер жаппай медициналық тексеруден өтіп жатыр

275

Түркістанда мемлекеттік қызметкерлердің саулығы сараланып, медициналық тексеруден өтуге көшті. Дәлірегі, мемлекеттік қызметшілердің өзіне жүктелген міндеттерін жоғары деңгейде орындауы үшін ҚР Мемлекеттің қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті осындай ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр.

Сонымен, рухани астанаға жұмыс бабымен қоныс аударған 2 мыңға жуық адамның профилактикалық медициналық тексеруін қамтамасыз ету үшін емханадан арнайы кабинеттердің ашылуын қолға алды.

Шараның басты мақсаты — мемлекеттік қызметшілердің ауруларын ерте сатыларда анықтау және аурулардың өршуінің, олардың пайда болуына әсер ететін қатер факторларының алдын алу.

Мемлекеттік қызметшілер профпатолог, терапевт, окулист, невропатолог, хирург, гинеколог мамандарының тексерінен өтеді және флюрография, ЭКГ, жалпы қан талдауы, биохимиялық қан талдауы секілді түрлі медициналық қызметтер алады.

Айта кетсек, жаңа облыс орталығына қоныс аударған 2 мыңға жуық мемлекеттік қызметшінің 57-і 3 күнде профилактикалық тексеруден өтті.

Бұл шараның аясында ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін облыстағы және аудан, қалалардағы барлық мемлекеттік қызметшілер толық медициналық тексеруден өтетін болады.»

Мөлдір Бекеева