Онкологиялық орталықта ашық есік күні өтті

222

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында дәрігерлер тегін тексерулер ұйымдастыруда. Шымкенттегі онкологиялық ауруханада нәзік жандылар обыр ауруына қарсы скринингтен өтіп жатыр. Мамандар ауруды ерте анықтаған жағдайда ғана науқасты ажалға алып келетін қауіпті дерттен арылта аламыз дейді.

Бүгінде обыр өлім-жітім саны жағынан жүрек қан тамыры жүйесінен кейін екінші орында. Алайда, қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулар алғашқы сатыларда анықтылған жағдайда қатерлі дерттің бетін қайтаруға мүмкіндік береді дейді мамандар. Былтыр Шымкент қаласында сүт рагы безі бойынша 200-ден астам, жатыр мойны рагымен 600-де аса әйел есепке алынған.

55 жастағы Бибісара Бердімұратова скрининг тексеруден өтуге арнайы келіпті. Осыған дейін ультрадыбысты зерттеуден өткен кейуананы дәрігерлер қайта тексеруге жолдаған.

Бүгінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласында қатерлі дерт бойынша есепте тұрғандар саны 2 жарым мыңнан асып жығылады екен. Былтырғы жылы жүз мыңнан аса шымкенттік скрининг тексерулерден өткен дейді ақ халаттылар.

Ал сүт безі рагын анықтау мақсатында 34 мың адам тексерілген болса, оның 16 мыңынан астамында қатерлі дерттің түрлі потологиялары анықталыпты. Дәрігерлер ең қорқыныштысы, қатерлі ісік белгілері анықталмаған пациенттердің де онкологиялық ауруларға шалдығып жатқанын жасырмайды.

Дегенмен, дер кезінде дәрігерге көрінген науқастың қауіпті аурудан айығуға мүмкіндігі бар. Айта кетейік, қазір Шымкентте 35 медициналық ұйым онкологиялық ауруларды анықтауға арналған қажетті құрал-жадбықтарымен жабдықталған.

Мақпал Рысбаева