Ордабасылық дәрігерлер ерекше балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады

134

Ордабасы ауданының дәрігерлері мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған “Бәйшешек” атты іс шара өткізді.

Түркістан облысы Ордабасы аудандық орталық аурухана басшылығының ұйымдастырумен жүзеге асқан қайырымдылық шарасына әлеуметтік қызметкерлер, психолог мамандар мен салауатты өмір салтын қалыптастыру саласының мамандары атсалысты.

Ақ халаттылар мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеп, оларды ата-аналарымен бірге көктем мерекесімен құттықтап, мерекелік көңіл күй сыйлады. Мерекелік іс — шараға келген балаларға демеушілердің көмегімен сый-сияпат көрсетіп, салтанатты концерт ұйымдастырды.

Жиынға Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаев пен Ордабасы аудандық орталық ауруханасының басшылығы мен медицина саласының қызметкерлері қатысты. 100 мыңнан астам халық мекен еткен Ордабасы ауданында 43 мыңнан аса жастар мен балалар өмір сүреді. Аудан бойынша 500-ден аса мүгедек балалар тіркелген. Олардың 18-і 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер.

Олардың барлығына мемлекет тарапынан берілетін медициналық көмек толық көрсетіліп келеді. Мүмкіндігі шектеулі балалар оңалту орталықтарында ем қабылдап, тиісті деңгейде ем — домын алып келеді. Алдағы уақытта Ордабасы аудандық орталық аурухана басшылығы тарапынан мұндай қайырымдылық шараларын дәстүрлі түрде өткізіп тұру көзделген.