Пойыз екі аяғын басып кетті…

598

Он екі мүшеміз сау бола тұра күнделікті тіршілікте кездесетін сәл қиындыққа жанымыз ауырып, өмірден түңіліп кететініміз жасырын емес. Бір реттік жолы болмауды өмірлік сәтсіздікке балап, аяққа тұрудың орнына Жаратқанға ренжіп, бүк түсіп жатып қалатынымыз да бар. Біздің кезекті кейіпкеріміз – өмірінің небір ауыр күндерін қайсарлығымен жеңе білген жан. Тепсе темір үзетін жастық шағында қос аяғынан айырылса да жарық дүниені көргеніне шүкіршілік етеді. Құдай қосқан жан жарымен бірге сегіз ұл-қыз тәрбиелеп, адам санасындағы «мүмкін емес» ұғымын қиратқан.

«Көзімді ашқан сәтте екі аяғым жоқ болды»

Сексеннің сеңгіріне жеткен Сәндібек Сүлейменұлымен әңгімелескеніміз келгенін естіген қарияның сөзінен өзі білетін кейбір кейіпкерлердің тағдырымен салыстырғанда оның өмірі әлдеқайда жақсы болған. Тірек қимылынан айырылған Сәндібек ата өзге тұрмақ өз-өзіне ешқашан мүсіркеп қараған емес. Дегенмен ол «қазіргі сәл қиындыққа салы суға кететін жастарға оқиғасы сабақ болар» деген оймен сұхбатқа келісті. Егер айтары бір адамға ой салса, өзін бақытты санайтынын да жеткізді.
Сап-сау жүрген Сәндібектің өмірі 31 жасында 1963 жылы сәуір айының басында ойламаған жерден өзгеретінін кім білген? Сол сәтті ұзақ ойлана есіне алған ол жанарына толған көз жасын жасыра алмады.
– Жастайымнан Қызылорда облысының Арал қаласындағы балық комбинатында жұмыс істедім. Таңертең жұмысқа барып, кешке үйіме қайтып дегендей күнделікті өмірім өтіп жатты. 1963 жылы сәуір айында әдеттегідей алаңсыз түнгі уақытта жұмыстан үйге қайттым. Біздің жұмыс орнымыз теміржол бойында орналасқан. Қандай шайтан түрткенін білмеймін, күн сайынғы жолдарды айналып өту әдетімнен жаңылып, бұл жолы қатарынан жатқан алты темір жолды кесіп өте салмақ болдым. Осылайша ойымда түк жоқ, алғашқы екі жолдан өттім. Үшінші жолда пойыз тұрған болатын. Оның сол сәтте қимылдайтынын қайдан білейін. Алаңсыз өтіп бара жатқанымда иығымды пойыздың шетіне ұрып алып, шалқамнан құладым. Дәл сол сәтте пойыз да қозғалып кетті. Айналдырған бірнеше секундта оң аяғымды санымнан төмен жұлып кетті. Жан ұшыра айқайлап, кері шегінейін десем, қырсыққанда плащым вагонның теміріне ілініп қалыпты. Осы сәтте сол аяғымды аман алып қалу үшін жанталастым. Бірақ көзді ашып-жұмғанша сол аяғым да пойыздың доңғалағына ілініп кетті. Одан кейін есімді білмеймін. Кейін бір еміс-еміс есімді жинаған кезде бірге жұмыс істейтін қызметкерлер менің жанымда топтасып, айқайлап жанұшырып жатқандарын білемін. Бірақ нақты не айтып жүргендерін ести алмадым. Осылайша есім кіресілі-шығасылы жаттым. Бір рет көзім аяғыма түскендегі көрініс әлі күнге санамда сайрап тұр. Екі аяғымның жұлып кеткен жерлерінен қап-қара қою қан ағып жатқан еді. Одан кейін есімді ауруханада бір-ақ жинадым. Дәрігерлер қарбалас ерсілі-қарсылы жүрген сыңайлы болды. «Науқас көп қан жоғалтқан» деген дауыстар еміс-еміс құлағыма келіп жатты. Мені операцияға дайындап жатыр екен. Эмма Қоқанова есімді білікті дәрігер маған операция жасапты. Ал отадан кейін оянған сәтті әлі күнге есіме түсіргім келмейді. Өйткені, көзімді ашқанда екі аяғым жоқ еді.

«Анамның бір ауыз сөзі мені өмірде алып қалды»

Сол кезде қатты күйзеліске түскен сәтін еске алған қария сондағы күйін өмірінің соңына дейін ұмытпайды. Әр еске алғанында еріксіз жанарына жас толады. Әңгімесінің осы тұсына келген сәтте дауысы дірілдеп, тамағын өксік кернеді. Ал мен кейіпкеріміздің оқиғасын ести отырып, өзімді сол ортада жүргендей сезіндім. Жан қиналысымды жасыра алмай жылап та алдым.

– Қызым, білесің бе? Еркектердің жылауы қиын ғой. Бірақ мен еркек болсам да сол кезде қатты жыладым. Бәрі көрген түстей өте шықты. Сенгім келмейді. Бірнеше сағат алдын сап-сау жүрген адамның екі аяғы жоқ болып оянады. Алдыңда өмір саған не дайындап қойғанын білмейсің. Мен үшін өмір біткендей болды. Аурухананы басыма көшіріп айқайладым. Қатты күйзеліп кеттім. Ешкімнің жұбату сөзін тыңдамадым. Өйткені әсер етпейтіні анық еді. Бірақ бөлмеге жүгіре кірген анамның сөзінен кейін есімді жинадым. «Тағдырың осылай болған ғой, қарғам. Ең бастысы ақыл-сарайың дұрыс. Басқа түскенге көндігеміз де. Сондықтан берілме, аман қалғаныңа шүкіршілік ет, біз сенің жаныңдамыз» деді. Анамның осы бір сөзі мені жаңадан өмірге алып келгендей болды. Оның сонша басын тік ұстап, жанарыма тіке қарап айтқан сөзі мені өмірде алып қалды. Ауруханада 20 күн жаттым. Сол күндердің аралығында «Мерезов» деген бір офицердің кітабын оқыдым. Ол кітапта соғыста жүріп екі аяғынан айрылған Мерезовтың тағдыры баяндалады. Мені ол адамның қиындыққа мойымағаны және өмірге деген құштарлығы қызықтырды. Екі аяқсыз ел қатарлы өмір сүре білгенін білдім. Анамның сөзінен кейінгі маған күш-жігер берген сол кітаптағы оқиға болды. Кітапты оқу арқылы мұндай тағдыр тек менің ғана басымда емес екендігіне көз жеткіздім. Мұнымен өмір тоқтап қалмағанына өзімді сендірдім. Осылайша мен жаңадан бір леппен қоғамға араласуға дайын болдым.

«Әйелімді жібергім келді»

Ауруханада 20 күн болған Сәндібек үйіне шығуға дайын болады. Сол кезде оның әйелі және 7 жасар ұлы мен 3 жасар қызы болған. Алайда жан жарының жастық кезі бір мүгедекті бағумен өткенін қаламаған ол үйіне барғаннан кейінгі алғашқы ойы – әйелімен сөйлесу болған.

– Мен оның бақытты болғанын қаладым. Арамызда сезім бар. Үлкен махаббатпен үйленгенбіз. Оған оның жас екенін айтып, алдағы өмірін мен сияқты мүгедек жанмен бірге өткізгісі келмесе разылығымды беретінімді жеткіздім. «Ұлымыз бен қызымызды қаласаң алып кет, қаласаң тастап кет. Бастысы артымда ұрпақ қалды. «Кетем» десең ешқандай ренішім жоқ. Керісінше қолдаймын» дедім. Өйткені маған қарау оңай емес еді. Бірақ менің аузымнан осы сөздерді естіген әйелім маған ренжіді. Қандай жағдайда жанымнан табылатынын, әрқашан да мені қолдайтынын айтты. Ең бастысы екеуіміздің арамыздағы сезім ешқашан өшпейтінін жеткізді. Менің мұндай шешімге барғаныма жылап та алды. Ол кезде біз тек балаларымызбен тұрмаймыз. Анам, қарындасым, інім бәріміз бірге тұратын едік. Әйелім маған ғана емес, анама да қарайтын. Бәрінің көңілін тауып, маған әйел болудан бөлек басқаларының алдында келіндік міндетін атқара білді. Ешқашан «қиналдым» деген сөз аузынан шықпайтын. Шаршағанын білдірмейтін. Сол кезде заман қиын болса да отбасымыздың бауырмалдығы, ынтымағы бізді басымызға түсірген қиыншылықтан алып шықты. Мен аяғымнан айырылған кезде достарым, туысқандарым өздеріне жетпей жатса да маған қол ұшын созудан жалыққан жоқ. Бірі үйіндегі екі қап ұнның бір қабын бізге әкеліп берсе, енді бірі отын түсіріп, мен өзіме келіп отбасымды асырайтын халге жеткенше көмек қолдарын созуды доғармады. Тіпті үй жағдайындағы жөндеу жұмыстарына дейін көмектесіп, қандай қиындықта жанымнан табылатындарын көрсетті. Сол кезде жан-жағымды осындай жақсы жандарға толтырғаныма қуандым.

«Жоғары білім алып, ел қатарлы еңбек еттім»

Сәндібек ата өмірінің ең қиын сәтінде жанынан табылған жақындарына әлі күнге айтар алғысы шексіз. Ол «мүгедек екенмін» деп жата берген жоқ. Өзі тағдырлас жандарға мемлекет тарапынан берілетін көмекке қол жеткізіп, бала-шағасын асырап, әкелік міндетін атқару жолында аянбады.
– 1963 жылдың қазанында Алматыға жол тарттым. Ондағы мақсат – сол кездегі әлеуметтік министрімен кездесу еді. Ол азаматқа рахмет алдына қабылдап, менің өмір жолымды тыңдады. Ол мені тыңдап, мүгедектерге білім беретін мектепте білім алуыма жол ашты. Ең бастысы екі аяғыма да протез жасатып әрі сол кездері мүгедектерге берілетін машина берілуіне жолдама берді. Жолдаманы алып Қызылорда облысының «СОБЕС-іне» келіп өткіздім. 1964 жылы Шымкент қаласындағы мүгедектер мектебінде оқуға түсім. Машина да берді. Осылайша мен 1965 жылы оқуымды үздік түлектің бірі болып аяқтап, Қызылордаға келіп теміржолға жұмысқа тұрдым. Бұл жолы бас есепшінің көмекшісі болып келдім. Теміржолға жұмысқа орналасқаннан кейін 18 жыл бір орында жұмыс жасадым. Осы жылдар аралығында тағы да алты баламыз дүниеге келді. Балаларым өсіп жатыр. Оларды оқытуым керек. Аралда жоғары білім беретін оқу орны жоқ еді. Сондықтан 1976 жылы солардың болашағы үшін Шымкентке көшіп келдім. Тассай ауылына келіп, жер алдық. Өзім ғана емес қарындастарымды да алып келдім. Сол кезде Тассай совхозы деп аталатын. Совхозда клуб бар еді. Клубтың меңгерушісі болып жұмысқа орналастым. Әйелім де балалар өскеннен кейін маған көмек қолын созып, үйде отырып, жұмысшыларға арналған киімдер және көрпенің тысын тігіп табыс таба бастады. Сөйтіп екі жақтап балаларымызды оқытып, сегізін де аяққа нық тұрғыздық. Ол кезде үкімет берген машина тозған еді. Көп көмегі тиді, әрине. 1993 жылы өзім ақша жинап автокөлік сатып алдым. Осылайша ешкімнен кем емес ел қатарлы өмір сүрдім. Блаларымның барлығы жоғары білімді. Өз отбасылары бар.

«Денсаулықтың қадірін білген жан ғана барлығына төтеп бере алады»

Халықтың әл-ауқаты төмен кезде басына түскен қиыншылыққа сынып қалмай, мойымай, керісінше көпке үлгі бола білген жан қазіргі молшылық заманда өмір сүрсе де өміріне көңілі толмайтын, сәл қиыншылықтың күрмеуінен шыға білмейтін жастарға алаңдайды. Адамдардың әлсіз болып бара жатқанына жаны ауырады.
– Қазір заман жақсы, адамдардың жағдайы да бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда алда. Молшылық заман. Әйткенмен адамдардан мейірімділік кеткен. Қазіргі жастар өте әлсіз, қиыншылыққа төзе алмайды. Олар бір мүшесінен емес, жай ғана жұмысынан айырылып қалса, сәл жетіспеушілікті сезінсе, жолы болмай қалса бірден өмірден баз кешіп кетеді. Сәл қиындыққа душар болса жанының тыныштығын шөлмектен іздейді немесе еш ойланбастан жанын қия салады. Бұл менің жүрегімді ауыр-тады. «Қиыншылықты жеңіп шығу» дегенді ойламайды да. Иә, мен де қиналған кезімде неше түрлі ойлар келді. Бәлкім, анам маған сол сөздерді айтпағанда, сол кітапты оқымағанда мен де өліп қалмасам да ішкіліке салынып кетер медім. Біз де анаммен бірге әкемізден ерте айырылғанбыз. Үйдің үлкені болғандықтан маған артылған жауапкершілік басым еді. Сондықтан да бір жағынан әкеме берген сөзімде де тұрғым келді. Маған қарап отырған отбасым үшін мен жеңілуге, өмірден түңілуге қақым жоқ еді. Сондықтан екі аяғым болмаса да мен өзімді мүгедек деп санаған жоқпын. Оны мүлдем ойымнан шығарып салдым. Ары қарай өмір сүруім керек екенін түсіндім. Біз ешқашан анамызды ренжітпеуге, оның салын суға кетірмеуге тырыстық. Мен ғана емес іні-қарындастарым да қиындықтарға төтеп берді. Кішкентай кездерінде оларға көрсеткен қамқорлықты мүгедек кезімде олар маған көрсете білді. Менің өмірде көрмеген қиындығым жоқ. Аяғымнан айырылғанға дейін көрген қиншылықтарды қиыншылық деп айта алмас едім. Әкесіз өсу жолындағы қиындықтар, аш-жалаңаш жүрген кездерді айтқым да келмейді. Өйткені ол қиындық емес екен. Ал, мен тепсе темір үзетін жасымда қос аяғымнан айырылдым. Өмірімнің ең қызыққа толы сәтінде өте ауыр қайғыға душар болдым. Екі аяғым жоқ екенін көрген кезде дәрігерлер менің жүрегім жарылып кетпей, аман қалғаныма таңғалды. Өйткені мұндай жағдайға екінің бірі шыдас бере алмас еді. Мен бұл жағдайды ешбір адам баласының басына бермесе екен деймін. Ең басты байлық, ол – денсаулық. Сондықтан адамдар денсаулығының қадіріне жете білсе екен.
Денсаулықтың қадірін білген жан қандай қиындыққа шыдас беретінін айтқан қария 60-тан асқан шағынан бастап бес уақыт намазын оқиды. Қазір 83 жасқа келсе бес уақыт намазын қаза қылмаған. «Жаратушы да сүйген құлын сынайды» деген ол Құдайдың құдіретіне сенеді. Жасы келе жан тыныштығын діннен тапқанын айтады. Тағдырына мойымады. Қос аяғының жоқтығына қарамасан ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бүгінде жан-жарының өмірден өткеніне де 30 жыл болған. Бірақ Сәндібек ата ол қайғыға да мойымады. Балаларының алдындағы әкелік міндетін атқара білді. Егер жаратушы ием оны сынаған болса, сол сынақтан жақындарының арқасында мүдірмей өткеніне сенімді. Сөз соңында қазіргі жас буынның қайсар да қағілез болғанын қалайтынын жеткізді.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, №2, 9 қаңтар 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті