«Шағат», «Солпа». Осылай тілін бұрап сөйлейтін балаларды жиі көреміз. Олардың кейбір әріптерді дұрыс айтпай, сөздерді бұрмалайтынын қызық көретіндеріміз де бар. Қайталап айтқызамыз. Өзіміз де солардың тілінде сөйлеп, мәз боламыз. Баланың ата-анасы да бұған «еркелік» деп қарап, мән бермейді. Әйткенмен педиатрлар «сақау» балақайлардың көбеюіне алаңдайды. Мұның алдын алмаса, бала өскенде сөздерді айтуы солай қалыптасып кету қаупі барын айтады.
«БІР ЖАСАР БАЛА 5-6 СӨЗ АЙТУЫ КЕРЕК»
Аптаның бес күнінде таңнан кешке дейін бала қарап, олармен тығыз жұмыс істейтін балабақша тәрбиешілерінің сөзінше, 1 жасар бала 5-6 сөз айтады. Ал 2 жасар бала сөйлеп, санай біледі. Түрлі командаларды орындайды. Тәрбиешінің сөздерін қайталап, тақпақтарды жаттауға қауқарлы. Дегенмен, қазіргі балалардың көбі сөйлеу тұрмақ, әріптерді дұрыс айта алмайды.
Мәселен, кейіпкеріміз Мараттың 4 жасар Әли есімді ұлы бар. Әли үйдің тұңғышы әрі жалғыз перзенті. Ата-анасы оны әбден еркелетіп жіберген. Сондықтан да болса керек, 4 жасар Әли әлі дұрыс сөйлей алмайды. Керегін саусақпен көрсетіп алады. Ата-анасы баласының бұл қылығына үйреніп кеткенге ұқсайды. Онымен сөйлесіп, қарым-қатынас жасаудың орнына қолына смартфон беріп, бір бұрышта үндемей отырғанын құп көреді екен.
№29 «Ай-Керім» бөбекжай-балабақшасының мұғалім-логопеді Салтанат Мұратованың айтуынша, балабақшада Әли сияқты балақайлар өте көп. Көбісі «р», «с», «ш» әріптерін айта алмаса, бірі тұтығады, екіншісі тілін төсеп сөйлейді. Тіпті, жасы 3-тен асса да мүлдем сөйлемейтіндері де бар. Маман мұны құрсақта не туғанынан кейін баланың миы түрлі себептерге байланысты (жүктілік кезіндегі токсикоз, анемия, инфекция түсуі және т.б) зақымдануынан болатынын айтады. Тілдегі түрлі дефектілер орталық жүйке жүйесінің бұзылуынан пайда болады. Оны ғылыми түрде дизартрия деп атайды.
– Дизартрияның бірнеше түрлі бар. Түріне қарай белгілері де әртүрлі. Мәселен, сопақша ми дизартриясында жұтқыншақ, көмекей, тілдің жұмсақ таңдайының бұлшықеттері сал болып қалады. Мұндайда баланың дауысы әлсіз, ыңылдап естіледі. Себебі жұмсақ таңдайдың әлсіздігінен іштен шығатын ауа мұрын жолы арқылы шығады. Сондай-ақ, сопақша ми дизартриясына шалдыққандар ұяң дыбыстарды айта алмайды. Сөйтіп, баланың сөзі түсініксіз болады. Ал ми қыртысы асты дизартриясына шалдыққан балақайлардың тілінің және бетінің бұлшықеттері құрысып, тартылуға бейім келеді. Салдарынан тіл тартылып, дауыс үзіліп шығады. Кейде тез-тез сөйлесе, кейде сөздер бөлініп-бөлініп айтылады. Ми қыртысы дизартриясы кезінде балақайлар әріптерді жеке айтқанымен, сөйлегенде әріптердің орнын ауыстырып, шатастырады. Әсіресе қатар келген дауыссыз әріптерді айтқанда қиналады. Жылдам сөйлегенде тұтығады, кекештенеді,- дейді мұғалім-логопед Салтанат Мұратова.
Ол бөбекжай-балабақшада дизартрияға шалдыққан балалармен жіті жұмыс істейді. Беттің бұлшықеттерін, нервтің қозуы мен сөйлеу мүшелерін жаттықтырады, гимнастика жасатады. Атап айтсақ, екі ұртын алақанмен жеңіл шапалақтайды, астыңғы жақтың сыртқы қырын, тіл асты таңдай бұлшық еттерін саусақпен сипайды, бетті, ерінді уқалайды. Езуден бастап ернін айналдыра массаж жасайды. Тілдің ширақтығын жетілдіру, ерін қимылын шынықтыруға мән береді.
Бірақ, балабақшада жасалатын түзету жұмыстары жеткіліксіз екен. Баламен ата-анасы жұмыс істеуі керек.
Логопедтің бұл сөзін невролог Несібелі Сейдуалиева да қоштайды. 26 жылдық тәжірибесі бар маманның сөзінше, балабақшадағы тәрбиешілер баламен сөйлесіп, логопедтер жұмыс істегенімен ата-анасындай болмайды.
Жұмысбастылықпен жүрген әке-шешелер перзентімен көп сөйлеспейді. Сөйлескеннің өзінде онымен ересектерше емес, балаша шүлдірлейді. Бұл ата-ананың басты қателігі. Нәтижесінде, бала солай қалыптасып, есейгенде де «дұрыс» сөйлемейтін болады,- дейді невропатолог Несібелі Сейдуалиева.
Маманның бұл сөзімен келіспеске лаж жоқ. Себебі, 3-сыныпта оқитын 9 жасар баламның (мұнда мақала авторы өз мысалында айтып отыр – ред.) әлі күнге дейін кейбір әріптерді дұрыс айтпайтынын естігенде, өзімнің онымен көп сөйлеспейтінімді, тілінің мүкістігін жөндеу үшін логопед және неврологпен жұмыс істемейтінімді жоққа шығармадым. Ал мен сияқты күйбелең тіршілікпен жүргендер қаншама? «Өскенінен кейін, өзі-ақ жөнделіп кетеді» дейтіндер де аз емес.
– Тіл мүкістігі атүсті қарайтын, мәселе емес. Себебі, уақыт өте бала есейеді. Сол кезде осы бір «кемшіліктен» қысылып-қымтырылып, тұйықталуы мүмкін»,- дейді ол.
СМАРТФОН КӨЗДІ ҚҰРТАДЫ
Несібелі Тойшықызы сөзінше, балалар арасында тіл мүкістігінен кейінгі кең таралған тағы бір мәселе бар. Ол – көз жыпылықтату және сығырайту. Тәжірибелі маман сөзінің жаны бар. Оған күнделікті өмірде куә болып жүрміз. Балабақшада, көшеде, қонаққа барғанда әйтеуір үш-төрт баланың біреуі көзін жыпылықтатып не сығырайтып отыратынын байқаймыз. неврологтың айтуынша, балақайлардың көзін жыпылықтатуына не сығырайтуына теледидарды дұрыс қашықтықта көрмеу, компьютер, смартфон, планшетте шамадан тыс ойнау себеп.
Мәселен, кейіпкеріміз Әйгерімнің айтуынша 7 және 3 жастағы екі ұлының да осыдан бірнеше ай бұрын көзін жыпылықтатынын байқапты. Перзенттері үшін алаңдаған ана бірден дәрігердің көмегіне жүгінеді. Маман балақайларды тексере келе олардың бойынан ешқандай физикалық ауытқуларды байқамайды. Тек анасымен сөйлескенде ғана балалардың шамадан тыс ұялы телефонмен ойнайтынын білген.
– Балақайлар смартфон мен планшеттен «шықпайтын» болды. Бұл – жығылған үстіне жұдырық. Себебі гаджеттерден бөлінетін сәуле өскелең ұрпақтың көзіне де, миына да тікелей әсер етеді. Одан бөлек байқасаңыз қазір балалар өзара бірлесіп, ойнауды қойған. Далаға шығып доп тебудің орнына үйде жалғыз басы қуарып телефонға телміріп отырады. Бұл баланың айналасындағыларымен қарым-қатынас жасауына, сөйлеуіне, өз ойын еркін жеткізуін шекпеп жатыр,- дейді маман.
Айтпақшы, Несібелі Тойшықызынан білгеніміз отбасындағы жанжал да баланың психологиясына кері әсер етіп, көзін жыпылықтатуына әкеп соқтырады екен.
ШЫЖЫҢ БАЛА КӨП
Ата-ана арасындағы ұрыс-керістің салдары баланың несеп ұстауына да кері әсерін тигізеді екен. Себебі, отбасындағы айқау-шу, жанжалдың салдарынан орта жүйке жүйесі бөліктерінің қызметі уақытша бұзылады. Нәтижесінде, балалар кіші дәретін ұстай алмайтын халге түседі.
– 6 жасқа толған бала өзінің дәрет сындыруын бақылауда ұстай алады. Алайда, орта жүйке жүйесі бөліктерінің қызметі бұзылған жағдайда бала өзінің кіші дәретін бақылай алмай қалады. Көп жағдайда сондай балалар түнгі уақытта кіші дәретін жіберіп қояды. Ал егер осы жағдай күндіз де қайталанатын болса, «күрделі жағдай» деп қарастырылады. Себебі дәретін күндіз-түні бақылай алмайтын баланың жүйке жүйесі дұрыс жұмыс жасамайды. Миға жіберетін «сигналдар» істен шығады. Бұл жағдай психо-эмоционалды және неврологиялық сипатта өріс алған ауру саналады. Сондықтан ем ауқымды түрде баламен әңгімелесу арқылы жүргізіледі. Себебі бұл жүйке жүйесімен тікелей байланысты. Өкінішке қарай, қазір бізде психотерапевтер жоқ. Сондықтан да бұл жұмыстар психолог пен невропатологтың мойнына жүктелген, — дейді Несібелі Сейдуалиева.
ТЫРНАҚ ЖЕЙТІН ЖАМАН ӘДЕТ
Мақаланы дайындау барысында 5 жас пен 10 жас аралығындағы балалардың тырнағын кеміретін жаман әдеті бар екенін де білдік. Шымкент қаласы №2 балалар емханасының учаскелік педиатры Алена Денің айтуынша, қабылдауына келетін ата-аналардың тең жартысының баласында осындай жаман әдет бар.
– Абай ауданы қала бойынша тұрғын саны жөнінен ең үлкен аудан. Сәйкесінше, бізде қаралатын кішкентай пациенттердің де саны көп. Біздің емханада 18 мыңнан астам бала тіркеуде тұр. Учаскелік педиатрдың міндетіне — сол балақайларды емдеу, жағдайын бақылау кіреді. Көп жағдайда баланың бойындағы «кері өзгерістер» балабақшаға не 1-сыныпқа барар кездегі медициналық тексеріс кезінде анықталады. Кейде ата-аналардың өздері шағымданып келеді. Шағымына байланысты салалық мамандарға жолдаймыз. Олар баланы тексеріп, онымен жұмыс істейді. Егер тіркеуге алу керек болса, диагнозы бойынша бақылауға алынып, бала әр тоқсан сайын тексерістен өтіп тұрады, — дейді Алена Михайлқызы.
Сондай-ақ, маман, балақайлардың арасында тырнақ кеміретін, қабырғаларды шұқып кесек жейтіндердің де көп екенін тілге тиек етті. Айтуынша, баланың бойындағы мұндай ауытқуларға жүктілік кезінде анасының токсикозының ауыр өтуі, анасының не баланың анемияға шалдығуы, ағзаға қажет заттың жетіспеушілігі себеп болады. Салдарынан баланың орталық жүйке жүйесінің қызметі зақымданып оның бойында түрлі ауытқулар байқалады. Алайда мамандар бір ауыздан бұл кемшіліктердің уақытша екенін егер алдын алып, емдесе толық айығуға болатынын айтады. Бірақ, одан «құтылу» үшін балалар неврологы, педиатр, психиатр, эндокринолог, нефролог, уролог, физиотерапевт, логопед, социолог сияқты салалық мамандармен бірге баламен ата-аналар да жұмыс істеуі тиіс. Себебі, ата-ананың көмегі, ата-ананың махаббаты болмаса баланы бойындағы бұл кемшіліктерден арылту мамандарға оңайға соқпайды.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат» газеті, №2, 9 қаңтар 2019 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті