Қазіргі таңда қоғамымыз барлық салада белсенді даму үстінде, ол адамдардың моральдық және психологиялық келбетіне, отбасына, тәрбиеге әсер етуде. Республика бойынша ажырасамын деп сотқа келгендердің 98 пайызының талап арыздары қанағаттандырылған.

Бұл қоғамдық дерттің көрсеткіші. Мұның артында қаншама жас сәби мен аналардың көз жасы, көңіл наласы, олардың тағдыры, болашағы тұр. Осы келелі мәселенің алдын алу үшін қоғамдық деңгейде көтерілген бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалар бар.
  Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының Төрағасының бастамасымен «Отбасылық сот» пилоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында республика бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысы бойынша Сарыағаш аудандық соты осы жобамен жұмыс атқаруда.
Аудандық сотта «Отбасы бақыты – татулық пен бірлікте» атты шаралар жоспары бекітілген. Бұл жұмыстардың мақсаты бір – дауды мәні бойынша шешумен шектеліп қана қоймай, отбасылық қарым-қатынасты жақсарту, отбасын сақтап, отбасы құндылығын ерлі-зайыптыларға түсіндіру және татуластыру шараларын қабылдау. Әдетте отбасылық қайшылықтарға ұрынған жұптар психолог мамандарының көмегіне жүгіне бермейтіні белгілі.
«Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында Сарыағаш аудандық сотының ұйымдастыруымен аудандық әкімдігінің  ғимаратында Біріккен Ұлттар Ұйымының ұлттық эксперті, халықтың қоныстану саласындағы қорының тренері, «Әлем елшісі» атағының иегері, гендерлік сұрақтар және тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша ұлттық сарапшы, психотерапевт Сағадат Сабитова ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын жаңғырту, отбасылық құндылықты сақтап қалу мақсатында республика бойынша алғаш рет екі апталық семинар-тренинг өткізді.
 «Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын жаңғырту» тақырыбында өткізілген семинар тренингтің мақсаты – отбасы конфликтісін шешу болып табылады. Семинар тренингтің бірінші аптасында 6 күндік тренинг өткізіліп, «Отбасылық психология» тақырыбында орта мектептердегі елуден  астам психолог мамандарға, мұғалімдерге дәріс оқылып, қызу талқыланды.
Жанар Есенбекова