Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сарыағаш ауданына арнайы жұмыс сапармен барып, бірқатар ауыл шаруашылығы нысандарындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аймақ басшысы алдымен Құркелес ауылдық округінде орналасқан «Абдраман» шаруа қожалығына аялдады.
2014 жылы жұмысын бастаған мекеме құлпынай өсірумен айналысады. Қожалықтың меншігіндегі жердің жалпы көлемі 7,2 гектар болса, 6 гектарына құлпынай егілген. Мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусым кездерде жұмысшылар саны 60-70-ке дейін жетеді. Мекеме басшысының сөзінше құлпынай өніміне деген сұраныс жоғары.
Қожалықтың күйімен танысқан өңір басшысы, ауданда жылыжайларда құлпынай шаруашылығын дамыту бойынша семинарлар ұйымдастыру керектігін айтты. Оған жергілікті әкімдік тарапынан тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.
Облыс әкімі тоқтаған нысанның бірі Дарбаза ауылдық округінде орналасқан «Фирма Сакен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2000 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан серікітестік асыл тұқымды мал өсірумен және сүт өндірумен айналысады. Қожалықтың меншігінде 1600-ге жуық гектар жер бар. Мекеме жылына 720 тонна сүт өндіруге қауқарлы. Өндірілген сүтті облыс аумағындағы сүт өнімдерін өндіруші цехтарға өткізіп келеді. Озық заманауи технологиямен жұмыс істейтін серіктестіктің иелігінде 600-ге жуық ірі қара малы, 2 мыңнан астам уақ мал бар.
Сондай-ақ, аймақ басшысы «Қапланбек» ауылдық округінде орналасқан «Жабай ата» шаруақожалығының да жұмыс барысымен танысты. 1,8 млрд. теңге болатын жоба 2009 жылы жүзеге асырылған. Жылыжайдың жалпы көлемі 30 гектар болса, оның 24 гектарына қызанақ, 4 гектарына баклажан егілген. Қожалық жылына 4 200 тонна өінім өндіріп, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Солтүстік облыстарға және Ресейге жөнелтіп келеді. Мұнда 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, облыс басшысы Қапланбек оқу тәжірибе шаруашылығы аумағынан бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнда 5 қабатты 45 пәтерлі 13 тұрғын үй салынып жатыр. Өткен жылы бастау алған құрылыс биыл аяқталып пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Ауданның бірқатар нысандарын аралап шыққан облыс әкімі аудан басшысына жақын арада атқарылуы тиіс тапсырмаларды жүктеді. Соның бірі аудан аумағындағы тазалаланған су арналарына тиісті талдаулар жасап, тазалау нәтижесінде шыққан қоқыстар жою, шығарып тастау жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ, аудан аумағынан ағып өтетін «Келес» өзенінің бойындағы апатты жерлерді анықтап, өзен арнасын тіктеу, нығайту жұмыстарын ұйымдастыруды қамтамасыз ету керек екенін айтты. Одан бөлек, ауданы аумағындағы Республикалық, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына талдау жасап, республикалық, облыстық автожолдарына жөндеу жұмыстары жүргізуді де жүктеді және салынып жатқан көпқабатты үйлердің инфрақұрылым мәселесін тездетіп шешу керек деді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі