Сахна төрінде – Гамлет

551

«Театр дайын драматургияны қойып беру емес, ондағы оқиғалардың неге cолай болғаны жайында ойлану», — дегенді Тадаси Судзуки текке айтпаса керек.

Театр – қоғам айнасы екенін ескерсек, сахна шымылдығы тұмшалап тұрған құпия сәт – қою қараңғылықты жара ашылған сәтте-ақ, сырлы сезімге жетелей жөнелетін құдіретті күшке айналмақ. Ұлттық туындыларымызды жарқырата сахналаумен қатар, шет ел драматургиясын өз көрерменіне ұсыну, талғамына таңдау жасату – театрдың шығармашылық мұраты. Әсіресе, қаншама ғасыр өтсе де Шекспир туындылары қоғамдық өзектілігін өшірмек тұрмақ – өршіте түсуде.

«Классика» сөзін жаңарта түсіп, заманауи мәселені сан қырынан көрсетердей ой саларлық «Гамлет» трагедиясы ақпанның 27-28 күндері Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасынан өз көрермендеріне жол тартты.

Соңғы жылдары санаға салмақ түсірмейтін жеңіл дүние жауыннан кейінгі саңырауқұлақша мазаны алғаны шындық. Ой саларлық драмалық қойылымнан гөрі – көңілді думанды таңдайтын көрерменнің көзқарасына өзгеріс енгізу оңай дүние емес. Қай құрлықта өмір сүрмесін, қай нәсілден болмасын, адамзат қаракет-тіршілігінің мән-мағынасы ортақ та, өзектес болуы табиғи заңдылық. Әлемдік драматургияның ұшар шыңы боп саналатын Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы, сан ғасырлар бойы алуан елдердің театр репертуарынан түспей келе жатқан жауһар дүние.  Мәселе, Шаниндік қойылым қаншалық деңгейде өз шешімін тапты?

Адамзат бойындағы пендешілік (таққұмарлық, зинақорлық, т.б.) болмысынан шошынған Гамлет – адалдық пен әділдіктің жолында күрескен, пәлсапалық тұрғыдан шешімін тапқан биік тұлға ретінде дүниежүзілік театр репертуарында бекем орнын тапқан пьеса. Қойылымды бұған дейін М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын Шанин сахнасында қойған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, актер, режиссер Б.Құрманғожаев Астана қаласынан арнайы шақыртумен келіп, сахналады. Шаниндіктердің таңдауы Шекспирдің «Гамлетіне» қалай тап болды?!

Театр басшылығының мақсаты ең алдымен: поэтикалық ақ өлеңмен жазылған поэтикалық дүниемен жұмыс істеу арқылы артистің сахналық сөйлеу қаракетінде шешендік тәсілді нақышпен айшықтау арқылы ой қуаттылығын – қаракетке айналдыра білуді игеру мүмкіндігіне жол ашты. Артистің сахнадағы басты құралы – сөз бен ойдын жымдаса отырып  сыртқы қаракетке ұласатынын ескерсек, оралымы ұршықтай үйіріліп тұратын поэтикалық тілмен актердің де сахна төрінен көрерменнің көкейдегі ойын дөп басу үшін бір жанын алып – мың жанын салуға мүмкіндігі ұлғаятыны сөзсіз. Режиссерлық шешіміне тісе бата бермейтін қойылымға қадам басқан театр ұжымы, артистердің шығармашылық мүмкіндігін шарықтатарлық дүниемен актерлік шеберлікті ұштауды нақтылы жүзеге асырды.

Әлбетте, мәңгілік сұрақ: болу мен болмағанның арасынын ой іздеген Гамлеттей кейіпкерді сахналау (актерлер: Р.Нұрманов, Е.Аманғалиев) — актерге де жеңілге соқпасы мәлім һәм жауапкершілігі мол сын.

Үлкен жауапкершілікті арқалаған жүкті абыроймен алып шығу жолында сахналық шешімнің қойылымның сәттілігіне қосар үлесі ерен. Әу баста торғын шымылдықтың ар жағында Дат королінің әруағы, тосыннан болған әке өлімін қабылдай алмай арпалысқан ұлына інісі Клавдийдің опасыздықпен құлағына у жібергеннің салдарынан қаза тапқанын айтады. Әке әруағынан естіген шындықтан жан-дүниесі күйзелген Гамлет, әділдік орнатарлық шындықты таппақшы. Ең сұмдығы, королге жасалған қастандықта Дат елінің королевасы, Гамлеттің шешесі Гертруданың (Қ.Байымбетова, С.Жарасбаева) болуы. Жәймен түрілген торғын шымылдық көтерілген кезде, сахна төбесінен төнген қылыштарды көріп, тұлабойың түршіккендей әсер аласың. Сахналық шешім (сценограф – ҚР Мәдениет қайраткері Қ.Жұмақұлов) – пиғылы лайланған адамзатқа «ақиқат қылышы» опасыздықтың түп-тамырын қимаққа төніп келе жатқандай әсер аласың.

Мәңгілік тақырып – сатқындық пен адалдық арасындағы майданда іні мен әйелінің біріккен опасыздығы жеңіске жетеді. Түбегейлі жетті ме?! Түпкі түйін кек алудан әлдеқайда күрделеніп, тіпті, алдыңғы ойды көміп кеткен деуге де болады. Әкесінен алған аяннан күйзелген Гамлет, жанын жегідей жеген күмәнді Клавдий мен Гертрудаға жеткізбек үшін өзін жынды етіп көрсетіп, түпкі мақсатын көшпелі актерлердің көмегімен жеткізбекке шешім қабылдайды. Шешесінің азғындауы себебінен жан-­дүниесі астаң-кестең болған Гамлет, тіршіліктің қызығында сүйіктісі Офелиядан (А.Әділбекова, Ж.Сарыпбекова) баз кешуде. Шешесі жасаған қылмысты пьесаның қозғаушы күші деуге бола қоймас, десе де, ол психикалық қажеттілікті туындата отырып, қақтығыс сәттің үздіксіз жалғасуына негіз бола білді. Гамлеттің көкірегіне жиналған дүние шешесінің әлемінен әлдеқайда үлкен аумақты қамтып жатыр. Көрерменнің көңілін селт еткізге қабіршілер сахнасында (ҚР енбек сіңірген қайраткер М.Ілиясқаров, Ұ.Артықбаев) айтылатын: «Өтірік қабірде қалмайды. Ол мен өлсем сізге көшеді» деген сөз, қойылымның өн бойындағы оқиғалар қақтығысына  жауап беріп тұрғандай.

Айғақ таппай жанталасқан Гамлеттің күресі тұншығып сыртқа шыға алмай, өз ажалына себепкер болып тынды. Королева… Клавдий… Гамлет… Үш бірдей өліктер легіне төбеден жәймен сырғи түскен қылыштар жерге қадалып, өн бойынан жарқ ете шырақтар жанды. Осы сәтті күткендей прожекторлардан түскен қанға боялғандай қызыл түспен үндескендей төбеден құм саулай бастағанда, опасыздықтың ащы жемісінен тұла бойың түршіге; «Арамдықтың құйрығы – бір-ақ тұтам»,- дегенді еріксіз еске аласыз.

2019 жылдың басын Шекспир әлемімімен бастаған Шаниндіктер, өз көрерменін жыл соңына дейін жаңа қойылымдермен қуанта бермек.

Сая Қасымбек,

Ж.Шанин театрының әдебиет бөлім меңгерушісі