shymkent.gov.kz

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала тұрғындары мен қонақтарын 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтады.

“Құрметті шымкенттіктер! Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Бұл мерекенің терең мағынасы мен мәні бар.

Наурыз – көктемнің белгісі, ал 1 наурыз – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ізгіліктің мерекесі, Наурыз мейрамы аталып өтілетін шуақты айдың басы.

Бұл күн – Қазақстандағы барлық этнос өкілдерінің өзара құрметі мен татуластығы айрықша білінетін күн, сонау саяси қудалау жылдары біздің Отанымызға жер аударылып, қазақ жерінен пана тапқан жандардың риясыз алғыс айту күні.

Биыл біз үшінші рет қарсы алып отырған Алғыс айту күнінің мағынасы терең. Қазақстандықтар осынау мереке арқылы ежелгі достықтың іргесін бекітіп, бір-біріне шын пейілмен көмек қолын созады, өзара татуластықты арттыра түседі.

Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, көктемнің алғашқы күнінде Мемлекет басшысы этнос аралық және конфессия аралық ынтымақтастықтың бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған болатын. Бұл құрылымның әрбір этнос пен барша қазақ халқының болашағы үшін алар орны ерекше. Біздің мемлекетіміз Тәуелсіздік алған уақыттан бері 130 этнос пен 17 конфессия өкілдерін бір шаңырақ астына тұтас ұлт ретінде біріктіре алды.

Алғыс айту күні – бұл Қазақстанның кең байтақ жеріне өз еркінен тыс аударылған миллиондаған адамдарды құшағын жая қабылдаған қазақ жері мен қазақ халқына ақеділ алғыс білдірілетін күн.

Алғыс айту күні – бір-бірімізге құрмет көрсететін күн, ортақ тарихымызды ұлықтайтын мереке.

Көктемнің алғашқы белгісіндей болатын осынау мереке қазақ жеріндегі татулық пен бірлікті, молшылық пен Тәуелсіздікті нығайта берсін!

Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық пен саулық тілеймін!” — делінген құттықтауда.

 

shymkent.gov.kz